Accessibility links

Израиль Газадағы ХАМАС тобының жүзден астам нысанын шабуылдағанын мәлімдеді


Газадағы Әулие Порфирий шіркеуі. 20 қазан, 2023 жыл
Газадағы Әулие Порфирий шіркеуі. 20 қазан, 2023 жыл

Израиль әскері жұмаға қараған түні Газа секторындағы ХАМАС радикал тобына қатысы бар жүзден астам нысанға шабуыл жасаған. Бұл туралы Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 20 қазанда таңертең баспасөз хабарламасын таратты.

Израиль әскери әуе күштері шабуылдаған нысандар ішінде жер асты туннелі, қару-жарақ қоймалары мен ХАМАС-тың "ондаған жедел топ орталығы" бар.

ЦАХАЛ ХАМАС әскери басшылығының өкілі Амджад Маджед Мухаммад Абу Оденің өлтірілгенін хабарлады. Израиль билігі оны "7 қазанда Израильге шабуыл жасады және бейбіт тұрғындарды өлтірді" деп айыптаған.

Израиль әскері хабарламада "террор жасағын бейтараптандыру" мен Жабалия ауданындағы "мешітте тұрған қаруды жою" туралы айтқан.

ЦАХАЛ есебінде Газадағы Әулие Порфирий шіркеуі жанындағы ғимаратқа шабуыл жасалғаны жөнінде ештеңе айтылмаған. Куәгерлердің сөзінше, жарылыс салдарынан ХІІ ғасырдағы шіркеудің қасбеті бүлінген, жанындағы ғимарат түгелдей қираған.

ХАМАС бақылауындағы Газа секторының ішкі істер министрлігі сол жерде жасырынған адамның "көбі" қаза болды, жараланды дейді. Палестиналық шенеуніктерге сүйенген Al Jazeera арнасы кем дегенде сегіз адам қаза болды деп жазды.

Кейін ЦАХАЛ Израильге зымыран атуға қатысқан ХАМАС басқару орталығына шабуылдағанын растады. Израиль армиясының өкілі сол аудандағы шіркеу қабырғасы бүлінгенін мәлімдеді.

Әулие Порфирий шіркеуі екі күн бұрын жарылыс болған Әл-Ахли ауруханасының жанындағы Газаның тарихи аймағында орналасқан.

Reuters агенттігінің жазуынша, шіркеу ғимараты Иерусалимнің православ патриархатына қарайды, олар атысты әскери қылмыс деп санайды. Патриархаттың мәлімдемесінде ол әлі де "өзінің діни және моральдық міндетін орындауға – мұқтаж адамдарға көмек, қолдау және баспана беруге берік ұстанымда" делінген.

Израиль әскері "Хезболланың" инфрақұрылым нысандарына – бақылау және ескерту бөлімдеріне шабуыл жасады.

Израиль билігі елдің солтүстігіндегі Кирьят-Шмона қаласының тұрғындарын эвакуациялау басталғанын жариялады. The Times of Israel басылымының ақпаратынша, эвакуация "Хезболла" мен басқа топтардың атысы астында жасалады. Басылымның мәліметінше, 19 қазанда зымыран шабуылынан үш адам жараланған. Қалада барлығы 22 мыңға жуық адам тұрады, бірақ көбі үйін тастап кеткен.

Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант ЦАХАЛ әскеріне ХАМАС содырларына қарсы Газа секторындағы құрлық операциясына "дайын болуды" ескертті.

Израиль Газада "Темір қылыш" әскери операциясын жүргізіп жатыр, әзірге радикал топтарға қарсы бұған дейін айтылған құрлық операциясы басталмады.

Reuters хабарынша, Израиль қиян-кескі шайқасқа дайын екенін айтады, бірақ ел билігі Газа секторымен не істеу керегін білмейді. Газа секторы 2007 жылы бірнеше аптаға созылған қақтығыстан соң ХАМАС тобының бақылауына өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG