20 қазанда Шымкент әскери гарнизонының соты Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылысқа қатысты айыпталған алты адамға үкім оқыды.
Бұл істе екі жауынгер бен төрт офицерге айып тағылған:
- Аслан Бақытжанов (оқиға кезінде әскери бөлімнің бастығы міндетін уақытша атқарған) - "Қару-жарақ, айналаға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу" (462-бап 3-бөлігі 2-тармағы) және "Қызметке салғырт қарау" (453-бап, 2-бөлігі);
- Руслан Несіпқалиев (орынбасары) – "Қару-жарақ, айналаға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу" (462-бап 3-бөлігі 2-тармағы) "Қызметке салғырт қарау" (453-бап, 2-бөлігі);
- Ерлан Бошай – "Қызметке салғырт қарау" (453-бап, 2-бөлігі);
- Берік Омарбеков – "Қызметке салғырт қарау" (453-бап, 2-бөлігі);
- Әсет Әшірбай (жауынгер) - "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру" (202-бап, 3-бөлігі, 1,2 тармақары), "Әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру" (459-бап, 2-бөлігі);
- Ерпулат Тұранов (жауынгер) – "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру" (202-бап, 3-бөлігі, 1,2 тармақары), "Әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру" (459-бап, 2-бөлігі).
Судья Бөрлібай Қайыпов Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұрановты 202-бап бойынша кінәлі деп тауып, 9 жылға бостандығынан айырды. Ал екеуінің үстінен 459-бап бойынша қозғалған істі "жасаған қылмысының мерзімі ескіруіне байланысты" қысқартып, екеуін жауаптан босатты.
Әшірбай мен Тұранов жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Судья офицерлер Аслан Бақытжанов, Руслан Несіпкалиев, Ерлан Бошай мен Берік Омарбековке 453-баппен тағылкан айыпты жойып, төртеуін де ақтады.
Бұдан бөлек Бақытжанов пен Несіпқалиевке қарсы 462-бап бойынша қозғалған істі де "жасаған қылмысының ескеру мерзімі өтуіне байланысты" қысқартып, екеуін қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Бірақ судья оларға іс қысқарғанымен, "соттылығы" жойылмайтынын ескертті.
Сот Бақытжановты подполковник, Несіпкалиевті майор шенінен айырды.
Іс қозғалғаннан бері үйқамақта және кепілмен бостандықта жүрген 4 офицер сот залынан босап шықты.
ПІКІРЛЕР