Accessibility links

Израиль билігі соғыс кезінде шетел ақпарат құралдарының жұмысын шектеуге рұқсат берді


Al-Jazeera арнасының Иерусалимдегі кеңсесі. 2017 жыл.
Al-Jazeera арнасының Иерусалимдегі кеңсесі. 2017 жыл.

Израиль үкіметі төтенше жағдай кезінде ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірсе, шетел ақпарат құралдарының жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін ережені бекітті. Бұл жөнінде Times of Israel хабарлады.

Жаңа ережеге сәйкес, Израиль байланыс министрі Шломо Кархи қорғаныс министрі Йоав Галанттың келісімімен провайдерлерді арналардың трансляциясын тоқтатуға, сайттардың жұмысын шектеуге міндеттей алады. Бұдан кейін ақпарат құралдары Израильдегі кеңсесін жабуға тиіс, олардың жабдықтары да кәмпескеленуі мүмкін. Жұмысты тоқтату туралы шешім 30 күн күшінде болады, бірақ шектеу мерзімі ұзартылуы мүмкін. Ал ақпарат құралдары шешімді сотқа бере алады.

Мұндай бастаманы Шломо Кархи көтерген. Ол жаңа ережені Израильде ең әуелі катарлық Al Jazeera арнасын жабу үшін қабылдаған. Телеарнаның жұмысын тоқтату туралы шешім келесі аптада қабылданады деп айтылады.

"Al Jazeera-ның бағдарламалары мен репортаждары Израильді арандатып отыр, арна ХАМАС, ИМ және өзге де террористік ұйымдарға дем беріп, Израильге қарсы күш қолдануды ынталандырып отыр" деді Кархи.

Al Jazeera 1996 жылы Катар әмірінің жарлығымен құрылған. Израиль барлау қызметі үкіметке аталған арнаның Израильдегі бюросын жабуға кеңес берген. Арна хабарларында ЦАХАЛ деректерін жария етті деп айыпталып отыр.

Израиль 7 қазанда ХАМАС тобы тұтқиылдан шабуыл жасағаннан кейін қарымта іс-қимылға көшіп, "Темір қылыш" операциясын бастаған. ХАМАС пен оның Израильге шабуылын қолдап, араласқан "Исламдық жихад" тобы әлемнің көп елі террорлық ұйымдар деп таныған. Жихадшылардың Израильге жасаған шабуылынан 1400-ден астам адам қаза тапты. Газа секторында, Палестина жағының дерегінше, құрбан болғандар саны 3 мыңға жуықтаған.

XS
SM
MD
LG