Accessibility links

Bloomberg: АҚШ пен Израиль Газа секторының болашағын талқылап жатыр


Газа төңірегі, 20 қазан 2023 жыл.
Газа төңірегі, 20 қазан 2023 жыл.

АҚШ пен Израиль палестиндік ХАМАС радикалды тобы Газа секторынан тықсырылған жағдайда аймақтың болашағы қалай болатынын талқылады. Бұл жөнінде дереккөзге сүйенген Bloomberg жазды.

Газа секторында БҰҰ мен араб елдерінің қатысуымен уақытша үкімет құру мүмкіндігі туралы болжам да айтылған. АҚШ барлау қызметінің бұрынғы сарапшысы Уильям Ашердің пікірінше, уақытша үкімет құру қиын, ал араб елдері үкіметтерінің келісімін алу – одан да қиын болмақ.

Агенттіктің дереккөзінің айтуынша, бұл мәселе енді ғана талқылана бастаған және оның нәтижесі көп жағдайда Израильдің құрлық операциясының барысына байланысты. Bloomberg пен Times of Israel басылымдарының жазуынша, АҚШ пен одақтастары Газадан бейбіт адамдар кетіп үлгеруі үшін және кепілге алынған адамдарды босату бойынша келіссөзді жалғастыру үшін шабуыл мерзімін шегертуге тырысып бағуда.

Израиль билігі Газа секторын басып алуды көздемейтінін, бірақ 7 қазанда Израильге шабуылдаған ХАМАС тобын жоюды көздейтінін айтқан. Жихадшылардың Израильге жасаған шабуылынан 1400-ден астам адам қаза тапты. Газа секторында, Палестина жағының дерегінше, құрбан болғандар саны 3 700-ден асқан. Шамамен 200 адамды ХАМАС тобы кепіл ретінде ұстап отырғаны айтылады.

20 қазанда Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант ХАМАС-қа қарсы әскери операция үш кезеңнен тұратынын айтқан. Қазір алғашқы кезеңі жүріп жатыр, ал соңғы кезеңінде "Газа секторында қауіпсіз жаңа режим құрылып, Израиль ондағы қауіпсіздікке жауапкершіліктен босатылмақ".
Ал Израиль оппозициясы Газа секторына бақылауды қазір Иордан өзенінің батыс жағалауын басқарып отырған Палестина әкімшілігіне беруді ұсынады. Сарапшылар бұл ұсыныс өміршең еместігін, себебі халықтың "әкімшілікке сенімі жоғалғанын" және "Газа секторымен едәуір байланысты үзгенін де" айтады.
XS
SM
MD
LG