Accessibility links

Зорлық-зомбылық, азаптау, қинау. БҰҰ есебінде Ресей әскерінің Украинадағы озбыр әрекеттері айтылады


Украинадағы зорлық-зомбылық құрбандарын қолдауға бағытталған перформанс. Прага, Чехия, 2022 жыл.
Украинадағы зорлық-зомбылық құрбандарын қолдауға бағытталған перформанс. Прага, Чехия, 2022 жыл.

БҰҰ-ның Украинадағы адам құқығын бұзу жайттарын зерттеу жөніндегі комиссиясы БҰҰ Бас ассамблеясына кезекті есебін жариялады. Онда Украинаның оккупацияланған аймақтарында Ресей әскері мен билігі өкілдерінің украиндарға жасаған зорлық-зомбылық әрекеттері баяндалады.

Есепке сүйенсек, зерттеушілер Украинаның Запорожье және Херсон облыстарындағы зорлық-зомбылық, жыныстық сипаттағы күш қолдану оқиғаларына назар аударған. Есепте 2022 жылы наурыз бен шілде аралығында Ресей жаулап алған Херсон облысының ауылдарында болған бірнеше оқиғаның жай-жапсары баяндалады.

Зерттеушілердің жазуынша, зорлық-зомбылық құрбандары – 16 мен 83 жас аралығындағы әйелдер. Оқиғалардың көбінде Ресей солдаттары әйелдердің үйлеріне баса-көктеп кіріп, туыстарын өлтіреміз деп қорқытқан, қарумен сес көрсеткен. Топ болып зорлау оқиғалары да кездескен. Көп жағдайда зорлау оқиғалары ұрып-соғу, қоқан-лоқы, қысым сияқты жайттармен қатар жүріп отырған. Бір оқиға кезінде ерлі-зайыптылар атып өлтірілген.

Зорлық-зомбылық құрбандарының арасында 16 жастағы аяғы ауыр әйел мен 75 және 83 жастағы қарт әйелдер де бар. Есепте шамамен 10 оқиғаның жай-жапсары баяндалған, осыған ұқсас қанша оқиға болғаны айтылмайды.

Құжатта бұдан бөлек, адам өлтіру, азаптау, энергетика инфрақұрылымдарын қирату, адамдарды күштеп ұстау, ұрлау, балаларды Украина аумағынан күштеп алып кету сияқты өрескел адам құқығын бұзу жайттары жазылған.

Баяндамада Украина әскері мен билігі өкілдерінің де адам құқығын бұзған жайттары айтылады.

Оккупацияланған аймақтағы зорлау оқиғалары соғыстың алғашқы күнінен бері айтылып келеді. Украина билігі мен бірқатар Батыс елдері Ресейді зорлауды "соғыс жүргізу амалы ретінде пайдаланды" деп айыптаған.

2023 жылы наурызда Украина бас прокуратурасы Ресей әскерімен байланысты 170-тен астам зорлау, күш қолдану оқиғасын тергеп жатқанын айтқан.

Дегенмен бұған дейін балалардың зорлануы сияқты кей мәліметтер расталмаған; бұл Людмила Денисованың Жоғарғы раданың адам құқығы жөніндегі уәкілі қызметінен кетуіне түрткі болған.

Ресей билігі өз әскерінің тұрғындарға күш қолданғанын, зорлық-зомбылық көрсеткенін мойындамайды. Украинадағы мұндай қылмыстарға байланысты Ресейде бірде-бір іс қозғалмаған.

XS
SM
MD
LG