Accessibility links

Тоқаев президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Оралбай Әбдікәрімовтің ұлын Индонезияға төтенше елші етті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін, қазанның 23-іне президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның шетелдердегі бірнеше елшісін тағайындау жөнінде жарлық шығарды. Қазақстанда Индонезиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне көп жыл Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегінде жоғары билікте жүрген Оралбай Әбдікәрімовтің ұлы Сержан Әбдікәрімов тағайындалды.

Оралбай Әбдікәрімов 1980 жылдары Қарағанды қалалық партия комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Нұрсұлтан Назарбаев Қарағандыдан Алматыға ауысып, 1984 жылы Қазақ ССР министрлер советінің төрағасы болған соң Оралбай Әбдіәкірімов Қазақстан компартиясы орталық комитетінің ұйымдастыру-партиялық және кадр бөлімінің сектор меңгерушілігіне тағайындалған. 1991 жылдан бастап президент әкімшілігінің жетекшісі (1996-1997), сенат төрағасы (1999-2004), мемлекеттік хатшы (2004-2007) қызметтерін атқарған, парламент сенатының депутаты болған. 2019 жылы Сенат жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшелігіне өткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс - "Жаңару" қоғамдық бірлестігін басқарып, ұйымның Нұрсұлтан Назарбаев бастамаларын қолдау үшін құрылғанын мәлімдеген.

Оралбай Әбдікәрімовтің 1976 жылы туған ұлы Сержан Әбдікәрімов 1990 жылдардың соңынан бастап Қазақстан сыртқы істер министрлігінде, шетелдегі елшіліктерде түрлі лауазымды міндеттерді атқарған. Қазақстанның Чехиядағы (2015 - 2019), Әзербайжандағы (2019- 2023) төтенше және өкілетті елшісі болған.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жарлығымен Қазақстан өзге елшілерін тағайындаған. Тимур Пірімбетов Қазақстанның Мексикадағы, Дәурен Кәріпов Латвиядағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына бекітілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG