Accessibility links

Бұрынғы әділет министрі Бекетаев екі айға қамауға алынды


Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев.
Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев.

Жемқорлыққа қарсы агенттік бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын растап, тергеу сотының санкциясымен екі айға қамауға алынғанын хабарлады.

"Ұсталған адамның бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев екенін растаймыз. Қазір күдікті сот санкциясымен 2 айға қамауға алынды. Тергеу мүддесіне сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды" делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі Арман Әлібектің Азаттыққа жауабында.

21 қазанда агенттік бұрынғы әділет министрі "Лауазым өкілетін асыра пайдалану" бабымен күдікке ілініп, ұсталғанын хабарлаған, бірақ күдіктінің аты-жөнін атамаған еді.

Ведомствоның мәліметінше, күдікті "қызметтерді көрсетуге келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдап", сол арқылы "мемлекетке үлкен зиян келтірген".

Қазақстандық сайттар Бекетаевтың Астанадағы әуежайға жасырынп келіп, Астана-Стамбул-Лондон рейсіне билет алып, қашып кетпек болғанын, бірақ орган қызметкерлері оны әуежайда ұстағанын жазды. Бірақ бұл ақпаратқа қатысты органдар ресми хабарлама таратпады.

46 жастағы Бекетаев 2016-2022 жылдары әділет министрі болған. Ол қанды Қаңтар оқиғасынан соң қызметінен босатылған, кейін оның премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне тағайындалған еді. Бірақ Бекетаев кеңесші қызметінен бір жылдан кейін кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG