Accessibility links

Әбдікұлы, Елубаев, Димаш, Зайнутдинов. Тоқаев бір топ адамды мемлекеттік наградалармен марапаттады


Әншүі Димаш Құдайбергенов "Қазақстанның халық әртісі" атағын алды
Әншүі Димаш Құдайбергенов "Қазақстанның халық әртісі" атағын алды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында бір топ дәрігер, ұстаз, жазушы, спортшы, әртіс, ғалымдарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Биылғы мемлекеттік сыйлық Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының ұжымына табысталды. Ғалымдарға сыйлық "елдің атом-энергетика саласын құруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға арналған әлемдік деңгейдегі зерттеулері үшін" берілді.

Былтыр мемлекеттік сыйлықты коронавирусқа қарсы QazVac екпесін жасап шыққан биологиялық қауіпсіздік ғылыми зерттеу институтының ғалымдары алған.

"Қазақстанның халық жазушысы" атағы Төлен Әбдікұлы, Смағұл Елубаев, Софы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеев, Ахметжан Аширов және Любовь Шашковаға берілді.

Ал әншілер – Димаш Құдайбергенов пен Рамазан Стамғазиев, күйші Айгүл Үлкенбаева; актерлер – Дулыға Ақмолда, Дінмұхамед Ахимов, Михаил Токарев; опера әншілері – Шахмардан Әбілов, Талғат Күзенбаев "Қазақстанның халық әртісі" атағын алды.

Бұл екі атақ бұрын алынып тасталған еді, Тоқаевтың ұсынысымен сый жазушылар мен әртістерге биылдан бастап қайта беріле бастады

"Ерлігі үшін" медалімен Мұрат Есенқабылов пен Талғатбек Төлеубаев наградталды. Есенқабылов өртеніп жатқан көліктен үш әйел мен бес баланы аман алып қалса, Төлеубаев өрт сөндіру кезінде ерлік көрсеткен.

Ал футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Асхат Тағыберген, Бахтиёр Зайнутдинов және Максим Самородов "Ерен еңбегі үшін" медаліне лайық деп танылды.

"Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы ғылым және мәдениет салаларының 31 көрнекті өкіліне және "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағы Ақмола облысы №4 "Болашақ" мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Үмітжан Еңсебаеваға берілді.

Кейбір сарапшылар елде мемлекеттік сыйлықтардың басым бөлігі билікшіл я билікке жақын адамдарға берілетіні жиі айтады. Ал кейбір әдеби сыншылар мемлекеттік атақ алған өнер адамдары мен жазушылар "билікке жалтақтап, рамкадан шыға алмай жүреді" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG