Accessibility links

Қасым-Жомарт Тоқаев әділ баға туралы айтқанда Серікболсын Әбділдин мен Нұрсұлтан Назарбаевты атады


Мемлекет қайраткері Серікболсын Әбділдин
Мемлекет қайраткері Серікболсын Әбділдин

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1990 жылы 25 қазан - Қазақстанның егемендігі туралы мемлекеттік декларация қабылданған күн құрметіне сөйлеген сөзінде тәуелсіздік тарихында құрметпен айтылуға тиіс адамдардың аты-жөнін атаған. Аталғандар ішінде 1993 жылдан билікке оппозицияцияда болған саясаткер, марқұм Серікболсын Әбділдин де бар. Тоқаев Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін де жоғары бағалаған.

1990 жылы "Қазақстан егемендігі туралы" декларация қабылданғанда Жоғарғы кеңес депутаты, 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздік декларациясы қабылданғанда Жоғарғы кеңес төрағасы болған Серікболсын Әбділдин 1993 жылы түрлі себеппен парламент таратылған соң оппозицияға кеткен. 1998 жылы президент сайлауына кандаидатурасын ұсынды, 1999 жылы парламент депутаттығына сайланды. Қазақстан компартиясын басқарған Әбділдин өмірінің соңына дейін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағыттары мен билік жүйесін қатаң сынаушылардың бірі болды. Қазақстанның демократиялық ашық қоғам құрғанын қалады.

Серікболсын Әбділдин мемлекет және қоғам қайраткері ретінде 2000 жылы "Барыс" орденімен марапатталды. Одан кейін ресми билік Серікболсын Әбділдинді елеусіз қалдыруға тырысқаны байқалған.

"Біз қазір әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек" деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде Салық Зиманов, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенколардың аты-жөндері де аталған. 1990 жылдары билік пен оның төңірегінде жүрген бұл адамдар жөнінде қоғамда түрлі пікір бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да тоқталған.

"Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі ол еліміздің тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді", - деп мәлімдеген.

Тоқаев Назарбаев туралы бұл сөзін 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін 23 маусымда Қазақстан парламентінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада да айтқан болатын.

1990 жылы Қазақстан Жоғарғы кеңесі "Қазақ ССР-інің егемендігі туралы" мемлекеттік декларация қабылдағанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР президенті қызметін атқарған. Декларация қабылданар күні Жоғарғы кеңеске келіп, басқа мәселе жөнінде баяндама жасамақ болған. "Қазақ ССР-інің егемендігі туралы" мемлекеттік декларация Жоғарғы кеңестің бастамасымен қабылданған.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы 19 наурызды президент өкілетін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғанымен 2022 жылы Қаңтар оқиғасына дейін биліктегі ықпалын сақтап қалған. Қаңтар оқиғасы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтан қауіпсіздік кеңесі төрағалығын өзіне алғанын мәлімдеді. Қанды Қаңтардан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жұрт алдына бірер мәрте ғана шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG