Accessibility links

Тоқаев "заң шеңберінен шығатын сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қоямыз" деп ескертті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "заң шеңберінен шығатын, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа қауіп төндіретін кез келген сөз бен әрекетке қатаң түрде тосқауыл қоямыз" деп мәлімдеді. Ол бұл сөзін 24 қазанда Ақордада мемлекеттік марапаттар табыстағанда айтты.

"Бұл сызықтан аттағандар мемлекет пен қоғамға қарсы шықты деп есептеледі" деді Тоқаев.

Қазақстан президенті "мұны барлық азамат, соның ішінде қоғамға танымалдар мен пікір лидерлері жақсы түсінуі керек" деп ескерту жасады.

Тоқаев сөзінде "заң шеңберінен шығатын әрекеттерді", "қоғамға танымалдарды және пікір лидерлерін" нақты атамады.

Бұған қоса, ол "мемлекет кез келген радикализм, экстремизм, құқықтық нигилизм, тұрмыстық вандализмге төзбейтін саясат ұстанатынын" айта келе, "агрессия мен өшпенділікке, қоғамдық нормаларды аяққа таптауға, зорлық-зомбылыққа шақыруға, азаматтардың ар-намысын қорлайтын әрекеттерге жол берілмейді" деді.

Тоқаевтың бұл сөзі 25 қазанда оппозиция жоспарланған митинг қарсаңында айтылды. Шетелде тұратын қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жұртты билікке қарсы митингіге шақырған. Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Еуропа парламенті ҚДТ-ны бейбіт саяси қозғалыс деп атаған.

Бұдан бөлек Қазақстанның әр қаласында белсенділер биліктен 25 қазанда бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрағанымен, жергілікті әкімдіктер рұқсат бермеді.

Қазақстанда жұрт бейбіт митингіге, бір адамдық пикетке шығу үшін жергілікті билікке тақырыбын айтып ескерту жасау керек. Әдетте әкімдіктер бейбіт митингіге рұқсат бермейді. Ал биліктің рұқсатынсыз өткен митингіге қатысқандарға айыппұл салынады я 15 күнге қамалады.

Бұған қоса елде оппозициялық топтар жариялаған митинг қарсаңында белсенділерді үйінен әкетіп я көшеден ұстап, қамайды.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін бейбіт митингіге кедергі жасамауға, адамдардың ой еркіндігіне рұқсат беруге жиі шақырады. Астана халықаралық ұйымдардың мұндай мәлімдемелерін тек ұсыныс деп қабылдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG