Ресейдің әскери флоты Қара теңіздің батыс бөлігінде мұнан бұлай үстемдік ете алмайды, біртіндеп "Қырымнан қашады", ал аннексияланған Қырымды Украинаның қаруының бақылайтын шағы - уақыт еншісінде ғана. "Қырым платформасы" деп аталатын парламент саммитінде видеобайланыспен сөйлеген Украина президенті Владимир Зеленский осындай мәлімдеме жасады. Саммит сейсенбіде Прагада басталған.
"Қырым платформасы" - Ресей 2022 жылы 24 ақпанда Украинаға жаппай басып кірмей тұрып, Украина бастамасымен құрылған. Онда Қырымдағы жағдай мен оны Украинаға қайтару жолдары талқыланады. Украина Жоғарғы радасының спикері Руслан Стефанчуктің сөзінше, Прагадаға іс-шараға әлемнің 70 елінен парламент делегациясы келген. Форум трансляциясын мына сілтемеден көруге болады:
Украина дрондарының шабуылдары нәтижесінде Ресейдің әуе қорғанысы жүйелері істен шығып, оқ-дәрі қоймалары жарылған, Қара теңіздегі әскери кемелері суға батқан. Украинаның арнаулы күштері Қырымдағы Тархан-Құт аралына түскен.
Майдан шебінен алыста болғандықтан Украина Қырымға дрондармен, кейде алысқа ұшатын зымыранмен қарсы шабуыл жасап отыр.
Бұған дейінгі ақпараттарда Ресейдің Севастопольдегі әскери кемелері Новороссийскіге ауыстырылғаны хабарланған. Қырымның батыс жағындағы Қара теңіз суында Ресей әскери кемелері қалмаған. Бұл мүмкіндікті Украина уақытша астық дәлізін құруға пайдаланған.
- 24 қазанға қараған түні Ресей қорғаныс министрлігі Севастополь портына шабуыл жасаған Украина теңіз дрондары жойылғанын хабарлады. Қандай да бір кемеге немесе қала нысандарына зақым келгені туралы мәлімет жоқ.
ПІКІРЛЕР