Accessibility links

Қытайдың қорғаныс министрі қызметінен алынды


Ли Шанфу
Ли Шанфу

Қытайдың қорғаныс министрі, генерал Ли Шанфу қызметінен алынып, мемлекеттік кеңестің қатарынан шығарылды.

Қытай ақпарат құралдарының жазуынша, бұл шешімді жалпықытайлық халық жиыны өкілдерінің тұрақты комитеті қабылдаған.

Министрдің қызметтен алынуының себебі айтылмады. Оның орнына кім келетіні де белгісіз.

Ли Шанфу тамыздың соңынан бері жұрт алдына шықпай қалған. Ол оның алдында Ресей мен Беларусьқа барып келген. Батыс басылымдары оның парақорлыққа байланысты қызметінен шеттетілгенін, қазір тергеу жүріп жатқанын жазып келгенімен, ресми Пекин пікір білдірмеген.

South China Morning Post басылымы Ли Шанфу осындай жағдайда қызметінен алынған екінші үкімет мүшесі екенін атап өткен. Осыған дейін Қытайдың бұрынғы сыртқы істер министрі Цин Ган шілдеде қызметінен алынардан бұрын халық алдына шықпай қойған. Бір айдан кейін ғана оның отставкасы ресми жарияланды.

Министрдің отставкасы Қытайдың сыртқы және қорғаныс саясатындағы қандай да бір өзгерістің белгісі ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Билік қазір Қытай лидері Си Цзинпиннің қолында. Жуырда Ресей басшысы Владимир Путин соғыс басталғалы бері алғаш рет Қытайға барды.

Ли Шанфу бұған дейін АҚШ-тың санкция тізіміне ілінген.

Financial Times қыркүйектегі мақаласында баяндағандай, 2018 жылы Трамп әкімшілігі Ресейден қару-жарақ сатып алуға байланысты Ли Шанфуды "қара тізімге" енгізген.

"Женьминь жибао" басылымы сейсенбі күні Қытай сыртқы істер министрі Ван И 26 қазанда АҚШ-баратынын жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG