Accessibility links

CNN: Тегеранда хиджаб кимегені үшін ұсталған 16 жастағы қыз комаға түскен


Армита Гераванд
Армита Гераванд

Иранда "хиджаб кимегені үшін" әдеп полициясы ұстаған Тегеран тұрғыны, 16 жастағы Армита Гераванд комаға түскен. Бұл жөнінде CNN хабарлады.

Телеарнаның айтуынша, дәрігерлер Геравандтың "жүйке жүйесі істен шыққанын" айтқан, ал туыстары Гереванд бұрын ауырмағанын айтқан.

Ирандағы құқық қорғаушылардың айтуынша, Тегеран тұрғыны қазан басында метрода ұсталған. Полицейлердің әрекетінің салдарынан жарақат алып, соның салдарынан комаға түскен. Ауруханаға қыздың туыстарын кіргізбей қойғаны хабарланды.

Иран билігі полиция Геравандқа күш қолданды деген ақпаратты терістейді. Иранның мемлекеттік IRNA агенттігі оқиға болған станциядағы бақылау камераларының жазбаларын көрсетті. Онда Геревандтың екі құрбысымен бірге пойызға кіргені көрінеді, одан кейін ес-түссіз жатқан қызды платформадан алып бара жатқаны байқалады. Пойызда нақты не болғанын көрсететін кадрлар жоқ.

  • Былтыр қыркүйекте Тегеранда белсенді Махса Әминиді "хиджабты дұрыс кимегені үшін" әдеп полициясы ұстап, ізінше белсенді жұмбақ жағдайда көз жұмған. Марқұмның туыстары полиция оған күш қолданған дейді.
  • Әминидің өлімінен кейін Иранда жаппай наразылық тұтанды. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, наразылық кезінде 500-ден астам адам қаза болған. Әдеп полициясының жұмысы тоқтатылып, биыл шілдеде хиджаб кию үлгісін тексеру қайта басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG