Accessibility links

АҚШ-та өкілдер палатасының спикері болып республикашыл Майк Джонсон сайланды. Ол Украинаға көмек көрсетуге қарсы


Майк Джонсон
Майк Джонсон

АҚШ-та өкілдер палатасының спикері болып республикашыл Майк Джонсон сайланды деп хабарлайды CNN. Трамптың жақтасы, Украинаға көмек көрсетуге қарсы 51 жастағы Майк Джонсонды 220 конгресмен қолдаған, оның қарсыласы демократ Хаким Джеффриске 209 адам дауыс берген. Спикер болу үшін кандидат кемінде 217 дауыс жинауға тиіс.

BBC агенттігінің жазуынша, әсіре оңшыл республикашылдар Джонсонды консерватор, Дональд Трамптың айнымас жақтасы деп атаған. Ал байыпты республикашылдар оны консервативтік құндылықтарды дәріптейтін прагматик деп санайды.

Дегенмен демократтар Майк Джонсонның тым оңшыл көзқарастарынан қауіптенеді.

"Америка дауысының" хабарлауынша, ол өзінің алғашқы жасаған үндеуінде Израильге көмекті қолдайтынын, АҚШ-тың оңтүстік шекарасына күзет қажет екенін және мемлекет қарызын қысқарту керек екенін мәлімдеген.

"Біз өкілдер палатасына деген сенімді қалпына келтіреміз. Консервативті саяси бағдарламаны жылжытамыз. Байден әкімшілігінің залал келтіріп жатқан саясатымен күресіп, шетелдегі одақтастарымызды қолдаймыз", - деді Джонсон.

Майк Джонсон Дональд Трампты жақтаушы саясаткер ретінде белгілі. Ол экс-президентке импичмент жариялауды ұсынған кезде, заңгерлер командасымен бірге Трампқа барынша қолдау көрсеткен.

Жаңа спикер Украинаға көмек көрсетуге қарсы шықты. Джонсон Киевке қосымша 40 млрд доллар көрмек көрсетуге қарсы дауыс берді.

Қазан айының басында Конгрестің төменгі палатасы өкілдер палатасының спикері Кевин Маккартиді лауазымынан аластатқан. Маккартидің отставкасын 216 конгрессмен жақтап, 210-ы қарсы дауыс берген. Бұл АҚШ тарихында заң шығарушылардың өз лидеріне қарсы дауыс берген бірінші жағдай.

XS
SM
MD
LG