Accessibility links

АҚШ-тың Мэн штатында ер адам жұртқа оқ атып, кемі 22 адам қаза болды


Жергілікті билік жариялаған күдіктінің суреті.
Жергілікті билік жариялаған күдіктінің суреті.

АҚШ-тың Льюистон қаласында (Мэн штаты) белгісіз біреу жұртқа оқ атқан. Кейінгі мәлімет бойынша, кемінде 22 адам опат болды. Бұл жөнінде CNN және NBC News хабарлады. Кемінде 60 адам жарақаттанған.

Полиция шабуылдаушының аты-жөнін анықтаған – бұл 40 жастағы Роберт Кард. Андроскоггин округының шерифі күдіктінің суретін жариялады. Онда ер адамның айналасына винтовка кезеп тұрғаны көрінеді. Полицияның мәліметінше, күдікті әлі бостандықта жүр. Ол Subaru Outback көлігімен жүрген болуы ықтимал.

Полиция X желісіндегі хабарламада "Льюистонда қауіпті мерген жүргенін" ескертіп, тұрғындарға қауіпсіз орындарда жасырынуға кеңес берді.

Полиция мәліметіне сүйенген The Sun Journal басылымы Льюистонда үш түрлі орында атыс болғанын хабарлады.

NBC News дереккөзінің айтуынша, шабуылдаушының қылмыс әлемімен байланысы болуы мүмкін, алайда оның жұртқа оқ ату себебі белгісіз.

Ақ үйдің хабарлауынша, президент Дж Байденге атыс туралы хабар берілген және соңғы түскен ақпараттар жеткізіліп жатыр.

Егер қаза болғандар саны расталса, бұл АҚШ тарихындағы 2019 жылдан бергі ең қанды оқиға болмақ. Осыдан төрт жыл бұрын Эль-Пасода қарулы адам Walmart сатып алушыларына оқ атып, 23 адам өлген.

2017 жылы Лас-Вегаста кантри-музыка фестивалінде қарулы адам көпке оқ атып, қанды оқиғадан 58 адам опат болған. Бұл АҚШ тарихында ең қанды оқиғалардың бірі ретінде аталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG