Қазақстанның қорғаныс министрлігіне қарасты 65229 әскери бөліміндегі 81 ұшақ саудаға шығарылды. Әскери бөлім Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылында орналасқан. Сатушы Қазақстанның индустрия және инфрақұрылым министрлігіне қарасты "Қазарнаулыэкспорт" мемлекеттік мекемесі.
Сату туралы хабарлама 11 қазанда жарияланған. E-Qazyna.kz сайтындағы электронды сауда-саттық алаңына шыққан ақпаратқа қарағанда, сатып алушылардың өтінішін қабылдау 26 қазан күні түскі сағат 10-да аяқталады.
81 ұшақтың құны 1 млрд 19,7 млн теңге. Сайтта ұшақтарды бағалаған «ААР – Эдвайзори энд Рисерч» ЖШС құжаты да көрсетілген. Құжатта Су-24, МиГ-23, МиГ-27, МиГ-29 ұшақтарының жалпы жиыны 81 данасына сипаттама бар. Олардың ең ескісі - 1975, ең жаңасы - 1989 жылғы. Ұшақтарды утилизацияға жіберу құны 28 миллион мен 4 миллион теңге аралығында. Тендер шартында оған тек заңды тұлғалар ғана қатыса алатыны және тауарды орналасқан жерінен әкетуге кететін қаражат сатып алушының есебінен шығатыны жазылған.
Қазақстан үкіметі Алматы облысынан бөлек Абай, Қарағанды, Түркістан облыстарындағы бірнеше әскери бөлімде тұрған ондаған ұшақты сатпақ. Семейде 54835 әскери бөліміндегі - 10 МиГ-31, Шымкентте 55652 әскери бөліміндегі 15 МиГ-29 және Қарағандыда 50185 әскери бөліміндегі 11 МиГ-31 ұшақтары саудаға шығарылған. Кейбірінің қозғалтқышы жоқ делінген.
Семейдегі ұшақтар 358 309 788 теңге, Шымкенттегі ұшақтар 194 834 577 теңге, Қарағандыдағы ұшақтар 230 575 852 теңгеге бағаланған.
Бағалау қорытындысында бұл ұшақтардың өте қатты ескіргені, пайдалануға, кәдеге жаратуға келмейтіні, қайта жөндеуге жіберсе экономикалық тұрғыда шығыны тым көп болатыны айтылған. Сондай-ақ, құжатта «ұшақ бөлшектерін қосалқы мақсатта пайдалану да мүмкін емес» делінген.
P.S. Осы жаңалық шыққаннан кейін "Қазарнаулыэкспорт" мемлекеттік мекемесінің аты-жөнін айтпаған өкілі Азаттыққа бірінші жарияланған тендер өтініштердің келмеуіне байланысты өтпей қалғанын, жақын арада екіншісі жарияланатынын мәлімдеді. Егер ол да өтпесе, үшінші рет тендер жарияланады, ал одан кейін сатушы мекемеде ұшақтарды жалғыз қатысушымен сату құқығы пайда болады.
ПІКІРЛЕР