Accessibility links

Шымкентте жеке үйде бір отбасының бес мүшесі қаза болды, үшеуі – бала. Болжам бойынша газ тиген


Шымкенттегі осы үйде бес адам қаза тапқан. 27 қазан 2023 жыл.
Шымкенттегі осы үйде бес адам қаза тапқан. 27 қазан 2023 жыл.

Шымкенттің "Ынтымақ" ықшамауданындағы жеке үйде бір отбасының бес мүшесі қаза болды, үшеуі - бала. Болжам бойынша, оларға газ тиген. Шымкент қалалық төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметі оқиғаны растады. Бірақ бес адамның қаза болу себептері анықталып жатыр деді.

Оқиға орнына барған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, отбасы тұрып жатқан үй толық бітпеген. Үйдің ішінде екі көзді газ плита тұрған. Көршілерінің Азаттыққа айтуынша, күйеуі электрик, әйелі медбике болып жұмыс істеген.

"Қазтрансгаздың" өкілі Бауыржан Байтуреев Азаттыққа "отбасы үйге газ кіргізгенімен, газ шығатын мұржа орнатпағанын" айтады.

Шымкенттен хабар тарататын vera.kz сайтының хабарлауынша, қайғылы оқиға 27 қазанда күндіз "Ынтымақ" ықшамауданындағы жеке үйлердің бірінде болған. Жедел жәрдем дәрігерлері 1984 жылғы ер мен әйелдің және олардың 2012, 2007 және 2008 жылғы балаларының өлімін тіркеген. Оқиға орнына барған апаттық бригада газ құрылғыларын пайдалану ережесі бұзылғанын анықтаған.

Қазір марқұмдардың сүйегін мәйітханаға алып кеткен.

Екі күн бұрын Абай облысының Аягөз қаласында 4 баланың өмірін қиған қайғылы оқиға болған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, балалардың әке-шешесі ол кезде үйде болмаған. Әкесі жұмыста, шешесі базарға азық-түлікке кеткені айтылады. Кейбір ақпарат құралдары балаларға газ тигенін жазды. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желідерде ата-аналарды күні-түні жұмыс істеуге мәжбүрлеген көп балалы отбасылардың ауыр тұрмысы жөнінде жазбалар жарияланды.

Аягөздегі оқиға қоғам санасында 2019 жылғы қайғылы оқиғаны жаңғыртқан. 2019 жылы ақпан айында астананың "Көктал-1" ауылында көмірмен жылитын үй өртеніп, кішкентай бес қыз қаза болған. Ақпаратқа қарағанда, ата-анасы түнде жұмыста болған. Қайғылы оқиға көп балалы аналардың наразылығын туғызды. Олар үкіметтен баспанаға зәру отбасыларды үймен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдауды күшейтуді, жеңілдік қарастыруды талап етті. Билік көп балалы аналардың кей талаптарын орындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG