Accessibility links

Маңғыстауда Оңтүстік Қаратұрын кен орнының жұмысшылары наразылық ретінде жұмыстарын уақытша тоқтатты


Маңғыстау облысындағы Оңтүстік Қаратұрын кен орнында бұрғылаумен айналысатын жұмысшылар Атырау облысы әкімдігіне шағымданып келді. 26 қазан 2023 жыл.
Маңғыстау облысындағы Оңтүстік Қаратұрын кен орнында бұрғылаумен айналысатын жұмысшылар Атырау облысы әкімдігіне шағымданып келді. 26 қазан 2023 жыл.

Маңғыстау облысындағы Оңтүстік Қаратұрын кен орнын бұрғылаумен айналысатын "Caspian Drilling LLP" компаниясының жұмысшылар 23 қазаннан бастап жұмысты тоқтатты. Олар компания басшылары уәде еткен талаптарын толық орындамай отырғанына наразы.

Жұмысшылардың негізгі талабы – жалақыны елу пайызға көбейту және талаптарын ашық түрде айта бастаған жұмысшыларды қудамалау, жұмыстан заңсыз шығарған қызметкерлерді қайта жұмысқа алу.

26 қазанда Маңғыстау облысында және Атырау облысында жұмысшылар жергілікті облыс әкімдіктеріне барып, еңбек құқықтарының бұзылып отырғанын айтып, шағымданды. Атырау облысы әкімдігіне келген оннан астам жұмысшы облыс әкімі Серік Шапкеновтің атына ұжымдық арыз жазып қалдырды.

Атырау облысы әкімдігіне келген оннан астам бұрғышы мен бұрғышының көмекшісі осы мекемелерде вахталық әдіспен жұмыс істейді. Компания жұмысшылары кен орнына Ақтөбе, Атырау, Ақтаудан келеді. Шағымданушы атыраулық жұмысшылар қыркүйектен бері талаптары орындалмаған соң жұмысты үшінші рет тоқтатуға мәжбүр екендерін айтады.

Бұрғышы Нұржан Қабдиевтың айтуынша, қыркүйекте басшының қатысуымен өткен жиында арнайы хаттама толтырылып, аталған талаптарды орындауға уәде еткен. Ал тағы бір бұрғышы Жақсылық Қарабаев наразылық танытып, талаптарын айта бастаған қызметкерлерді жұмысқа қоспау сынды қудалау болатынын айтады. Жұмысшылар "қысымды тоқтатуды сұрайды".

Облыс әкімдігінде олардың шағымын тыңдауға Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы Кемел Иманғалиев келді. Ол жұмысшылардың жазып қалдырған ұжымдық арызы бойынша тексеру жүретінін айтты. Оның сөзінше, "Caspian Drilling LLP" компаниясының басшысы Маңғыстау облысына наразы жұмысшылармен кездесу үшін кеткен.

Бұған дейін облыстық еңбек инспекциясына "Caspian Drilling LLP" үстінен зияндылық үшін төленетін қосымша өтемақының төлемеу және жалақы мәселесіне байланысты екі рет ұжымдық арыздар түскен. Тексеру нәтижесінде мекемеге 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Кеңсесі Атырауда орналасқан "Caspian Drilling LLP" компаниясынан комментарий алу мүмкін болмады. Азаттық тілшісі хабарласқан компанияның өкілі комментарий бере алмайтынын, басшылар қалада емес екенін айтты.

Маңғыстау облысында "Бозащы Мұнай" кәсіпорнына қарайтын Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнынан шыққан өрт бес айдан бері әлі жанып жатыр. Ұңғыманы бұрғылау кезінде газ-су қоспасы атқылап, өртке ұласқан. Бұл ұңғыманы бұрғылаумен "Caspian Drilling LLP" айналысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG