Accessibility links

Қарағандыда сот журналистің "денсаулығына қасақана зиян келтіру" бойынша әкімшілік істі тоқтатты


Қарағанды облысындағы шахта.
Қарағанды облысындағы шахта.

Қарағандыда сот "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатты. Бұл істе тамыз айында кәсіби міндетін атқару кезінде шабуылға ұшыраған журналист Диана Сапарқызы жәбірленуші танылған. Істі Шахтинск қаласының әкімшілік құқықбұзушылық туралы мамандандырылған соты онлайн қараған. Онда жергілікті шахтаның күзет қызметкері жауапкер болған.

Сот "әкімшілік құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан" істі тоқтатқан.

- Дәл осы оқиғаға қатысты Шахтинск полиция бөлімінде "журналисттің заңды кәсіби қызметіне күш қолдану арқылы кедергі жасау" бабы бойынша тергелетін қылмыстық істің болуына байланысты іс тоқтатылды. Әкімшілік жауапкершілікке тарту бір адамды бұдан да ауыр қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін сотқа тарту мүмкіндігін жоққа шығарады, – деді сот өкілдері Азаттыққа.

Журналист пен адвокат бұл қылмыстық істі де жауып, шабуылға қатысы бар адамдардың жауапкершіліктен сытылып кетуіне жағдай жасауы мүмкін деп қауіптенеді. Тергеу мен сот барысындағы процессуалдық құқықбұзушылықтарды алға тартқан адвокат шешімді апелляцияға беретінін айтты.

- Біз сот жөнінде жақында ғана білдік. Бұлай болады деп күтпеген едік, себебі осыған дейін соттан қылмыстық іс біткенге дейін бұл істі уақытша ғана тоқтата тұруды сұраған едік, – деді адвокат Шырын Әмірғалиева.

Күзет қызметкері журналиске күш қолданғанын жоққа шығарып, шахта аумағындағы оқиғаға қатысы барын терістеген. Сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабында ол бір адам видео түсіріп жатқаны туралы хабар түскеннен кейін журналисті "шахта аумағынан шығарып салғанын" жазған. Азаттық соттан кейін оған хабарласа алмады.

Бастапқыда полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Журналист пен адвокаты түрлі инстанциялар бойынша шағым түсіргеннен кейін Шахтинск полициясы қылмыстық істі тіркеген. Ол әлі тергеліп жатыр.

18 тамызда "Қазақстан" шахтасындағы апаттан хабар таратуға барған журналист Диана Сапарқызына екі ер адам тап беріп, телефонын тартып алған, кейбір файлдарды өшіріп тастаған. Журналист өзіне тап берген адамдарды видеоға түсіріп алған. Ол полицияға шағым түсірген. Сот медицина сараптамасы оның сол жақ иығынына зақым келгенін анықтап, денсаулығына жеңіл жарақат келгенін тіркеген.

Бұған дейін "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) халықаралық ұйымы Қазақстан билігін журналист Диана Сапарқызына "Қазақстан" шахтасында жасалған шабуылды тергеуге шақырған. Ал "Әділ сөз" бас прокурорға ашық хат жазып, тиісті шара қолдануға үндеген.

XS
SM
MD
LG