28 қазанда Қарағанды облысында Костенко атындағы көмір шахтасындағы өрттен 11 адам қаза болды, деп хабарлады облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев.
Сенбі, таңертеңгі сағат 9-дағы жағдай бойынша 18 адам ауруханаға жатқызылған.
Қарағанды облысы билігінің хабарлауынша, апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер астынан 205 шахтер шығарылған. Жер астында қалған кеншілер бары хабарланды.
Әкім Facebook парақшасында қазір оқиға орнында 40 құтқарушы және 10 техника жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Бөлекбаевтың айтуынша, оның жетекшілігімен жедел штаб құрылған. Апат себебі әзірге айтылмады. Оқиға орнына төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов барған.
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы өрт көмір оятын жерде метан жарылғаннан кейін басталған болуы мүмкін екенін хабарлады.
Ақорданың хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан қаза болған кеншілердің жақындарына көңіл айтқан. Ақорданың жазуынша, Тоқаев үкіметке "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық әріптестікті тоқтатуды тапсырған. Ол оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылғанын айтқан.
Костенко атындағы шахта, Қарағанды көмір бассейніндегі өзге шахталар тәрізді, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі. Компания сонымен бірге Теміртаудағы металлургия комбинаты мен қаладағы инфрақұрылым нысандарына иелік етеді. "АрселорМиттал Теміртау" арғы тегі үнді британдық миллиардер Лакшми Митталға қарайды.
Тамыз айында компанияның "Қазақстан" шахтасындағы өрттен 5 адам қаза болып, 16 адам жарақаттанған. Ресми мәлімет бойынша, "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында кейінгі 15 жылда 100-ден астам адам опат болған.
Бұған дейін Қазақстан шенеуніктері күн тәртібінде апаттар жиілеген кәсіпорынның "иесін ауыстыру мәселесі тұрғанын" айтқан. Биліктің айтуынша, компания өндірісті жаңарту және инвестиция тарту мәселесі бойынша алған міндеттемелерін орындамаған. 2022 жылы бірнеше апаттан кейін де осыған ұқсас мәлімдемелер айтылған, алайда компания әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. 1995 жылы жекешелендіру науқаны кезінде онымен жасалған келісімшарт жарияланған жоқ.