Accessibility links

29 қазан Қарағанды облысында қаза болған кеншілерді жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды


29 қазан Қарағанды облысындағы шахтада қаза болған кеншілерді жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Кейінгі мәлімет бойынша, Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртауға" қарасты Костенко шахтасындағы апаттан қаза болғандар 22 адамға жеткен. Жер астында тағы ондаған адам қалғаны хабарланды. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

17 адам ауруханаға жатқызылған, біреуінің жағдайы өте ауыр екені айтылды. Қазір реанимацияда жатыр, деп хабарлады Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Апатқа байланысты үкімет комиссиясы құрылған. Ақорданың хабарлауынша, сенбі күні апат болған аймақ Қарағанды облысына президент Қасым-Жомарт Тоқаев барып, қаза болған кеншілердің жақындарымен кездесіп, көңіл айтқан.

Апаттың себебі айтылмайды. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы өрт көмір оятын жерде метан жарылғаннан кейін басталған болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Апатқа байланысты "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы (277-бап, 3-бөлік) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Ақорда сенбі күні Тоқаев үкіметке "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық әріптестікті тоқтатуды тапсырғанын жазды.

Костенко атындағы шахта, Қарағанды көмір бассейніндегі өзге шахталар тәрізді, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі. Компания сонымен бірге Теміртаудағы металлургия комбинаты мен қаладағы инфрақұрылым нысандарына иелік етеді. "АрселорМиттал Теміртау" арғы тегі үнді британдық миллиардер Лакшми Митталға қарайды.

Тамыз айында компанияның "Қазақстан" шахтасындағы өрттен 5 адам қаза болып, 16 адам жарақаттанған. Ресми мәлімет бойынша, "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында кейінгі 15 жылда 100-ден астам адам опат болған.

Бұған дейін Қазақстан шенеуніктері күн тәртібінде апаттар жиілеген кәсіпорынның "иесін ауыстыру мәселесі тұрғанын" айтқан. Биліктің айтуынша, компания өндірісті жаңарту және инвестиция тарту мәселесі бойынша алған міндеттемелерін орындамаған. 2022 жылы бірнеше апаттан кейін де осыған ұқсас мәлімдемелер айтылған, алайда компания әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. 1995 жылы жекешелендіру науқаны кезінде онымен жасалған келісімшарт жарияланған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG