Израиль БҰҰ мен оның Газа секторында Израиль әскері мен ХАМАС содырлары арасында "дереу тұрақты әрі берік гуманитарлық бітім жасасуға" шақыратын қарарын сынады.
Иордания ұсынған қарарды 120 мемлекет қолдаған, арасында Қазақстан да бар. Құжатқа 14 мемлекет қарсы дауыс берген: арасында АҚШ, Австрия, Венгрия, Хорватия, Чехия, Гватемала, Парагвай бар. 45 мемлекет қалыс қалды, бірнеше ел дауыс беруге қатыспаған.
Дауыс беруден кейін Израильдің БҰҰ-дағы өкілі Гилад Эрдан БҰҰ-да легитимділік қалмағанын сынап, ұйымды зұлымдықты демеуге тырысты деп айыптады. Оның сөзінше, ХАМАС-пен келіссөз және талқылау жүргізу мүмкін емес және Израиль аталған топтың зұлымдығына құр қарап отыра алмайды.
Эрданның айтуынша, күш қолдану тоқтағанын қалайтындар ХАМАС-ты қаруды тастап, берілуге және адамдарды кепілдіктен босатуға шақыруға тиіс. Аталған топ 7 қазан күні Израильге шабуылдаған күні ұстаған 200-ден астам адамды кепілдікте ұстап отыр.
Израиль сыртқы істер министрі Эли Коэн қарарды "масқара" деп атап, "Израиль ХАМАС-ты әлем нацистер мен ДАИШ-ты жойғандай жояды" деді.
Қарардың заңдық күші жоқ, алайда бұл ХАМАС-тың Израильге шабуылынан кейінгі әскери қимылдарға алғашқы жауабы. Бұған дейін БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі қандай да бір қимыл бойынша төрт рет келісімге келе алмаған.