Accessibility links

Костенко атындағы шахтада 36 адамның денесі табылды, 10 кенші іздестіріліп жатыр


Төтенше жағдай министрлігі Қарағандыда апат болған Костенко шахтасындағы жағдай туралы айтты. 29 қазан таңертеңгі сағат 9-дағы жағдай бойынша: жер астында 35 адамның денесі табылған, 29-ы жер үстіне шығарылған. 11 кенші іздестіріліп жатыр.

Сағат 10-да тағы бір кеншінің денесі табылғаны белгілі болды. Осылайша апаттан қаза болғандар 36 адамға жетті. 10 кенші іздестіріліп жатыр.

Апат 28 қазанға қараған түні болған, апат кезінде жер астында 252 шахтер болған деп айтылады. 206-сы өз бетімен жер үстіне шыққан. Қалғандары сыртқа шыға алмай қалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан өрт шығуы себеп болған.

Бас прокуратура "Тау немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы (277-бап, 3-бөлік) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

Қазақстанда 29 қазан апаттан қаза болған шахтерларды жалпыұлтық аза тұту күні жарияланды. Жексенбі күні Қазақстанның барлық аумағында тулар төмен түсірілді.

Қаза болған 35 адамның бесеуінің аты-жөні жарияланды:

  • Мордасов Виталий Анатольевич
  • Югай Александр Викторович
  • Адамбаев Ерболат Мұратұлы
  • Петренко Владимир Ильич
  • Сайфутдияров Альберт Рифович

Қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртаумен" инвестициялық әріптестікті тоқтатуды тапсырған. Қазақстан үкіметі кәсіпорынды "Қазақстанның мүддесіне қарай" қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, "активтерді өзге шетел инвесторына беру мәселесі қарастырылып жатыр" деген хабарды терістеді.

28 қазанда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы Тоқаев пен үкіметтің мәлімдемелерінен кейін, ресми тұлғалармен кәсіпорынның болашағын талқылап, "[тараптар] жуырда алдын ала келісімге келіп, соның нәтижесінде кәсіпорын Қазақстан меншігіне өтеді" деп мәлімдеді.

Қайғылы оқиға "АрселорМиттал Теміртаудың" өзге шахтасы – "Қазақстандағы" ірі апаттан кейін 2,5 айдан соң болып отыр. Тамыз айында онда 5 жұмысшы опат болған. Былтыр қарашада Ленин шахтасындағы апат бес адамның өмірін қиған. Ал оның алдында жарты жыл бұрын Теміртаудағы металлургия комбинатында конструкция опырылып түсіп, 4 адамды мерт қылған.

Арғы тегі үнді британдық миллиардер Лакшми Митталға қарайтын "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 90-жылдардағы жекешелендіру кезінде алған ірі активтер - Қарағанды көмір бассейніндегі сегіз шахта, совет кезінде салынған металлургия комбинаты мен тау-кен байыту фабрикасы және Теміртаудағы инфрақұрылым нысандарына иелік етеді.

Ресми мәлімет бойынша, "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында кейінгі 15 жылда 120-ден астам адам опат болған.

Костенко атындағы шахтада 1400-ден астам адам істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG