Accessibility links

Израиль Газа секторындағы әскерін көбейтті


Газа секторы.
Газа секторы.

Израиль әскері жексенбі күні Газа секторындағы әскери операцияларының ауқымын әрі қарай да арттыра беретінін мәлімдеді. Аумақтың солтүстігінде ХАМАС жасақтарымен шайқас болғаны, екі израильдік жауынгер жараланғаны хабарланды. Өткен тәулікте Газадағы ХАМАС-тың нысандарына 450-ден астам әуеден соққы жасалған. Бұған қоса, секторға қосымша жүздеген солдат пен ондаған әскери техника жіберілген.

Операция ауқымының "ұлғайғандығы" жөнінде Израиль жұма күні хабарлаған. Дегенмен құрлық операциясының ауқымы белгісіз. Израиль әскері секторда бұрын ХАМАС қарамағында болған қандай да бір тұрғын үй ауданын бақылауға алғаны жөнінде хабар түскен жоқ. Израиль әскерінің Газа секторының солтүстік бөлігіне енгенін айғақтайтын видеолар бар.

Израиль әскері Газа секторы тұрғындарын уақытша оңтүстікке қоныс аударуға шақырып жатыр. Дегенмен The New York Times жазуынша, мәселе ірі құрлық операциялары туралы болып отырған жоқ. Тель-Авив АҚШ-пен келісіп, шектеулі операция жүргізіп отыр. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

7 қазанда ХАМАС Израильге шабуылдағаннан кейін Израиль мен ХАМАС, палестиналық радикалды топтар арасында жағдай күрт ушыққан.

Сол жақта жүрген халықаралық ұйымдар Газада гуманитарлық апат орнағанын айтады. Аймақ электр энергиясынан ажыратылған, отын, су, азық-түлік және өзге де қажетті заттар тапшы. БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек агенттігінің мәліметінше, жексенбі күні бірнеше мың адам азық-түлік пен өзге де тауарлар сақталатын агенттіктің Газадағы қоймаларына басып кірген.

Жексенбі күні Газадан ақпарат таратып жүрген бірқатар журналистер аймақта жұма күні толық өшірілген интернет жартылай істей бастағанын хабарлады. Бұған дейін SpaceX жетекшісі Илок Маск Газада істеп жатқан халықаралық агенттіктерін Starlink терминалдары арқылы байланыспен қамтамасыз ете алатындығын мәлімдеген. Бұл идеяны Израиль күрт сынап, терминалдарды ХАМАС тобы да пайдаланып кетуі мүмкін деп қауіптенген. Маск жексенбі күні таңертең Starlink-ті пайдалану мәселесі АҚШ және Израильмен келісілетінін және тек гуманитарлық мақсатта ғана пайданылатынын айтты.

АҚШ пен Ұлыбритания және өзге елдерде сенбі күні палестиналықтарды қолдау акциясы өтті. Стамбулда биліктің есебінше, митингіге миллионнан астам адам қатысқан.

XS
SM
MD
LG