"Мыңға жуық адам Махачкала әуежайын басып алып, Тель-Авивтен келетін әуе рейсі қарсаңында антисимит акциясына шықты" деп хабарлайды Кавказ.Реалии. Жиналғандар Израильге қарсылық білдіріп, Дағыстаннан еврейлерді қууды талап еткен.
Әуежай жабылып, қалаға келетін өзге ұшақтар басқа бағытқа жіберілген.
Наразылар әуежайдан шыққан адамдардың құжатын тексеріп, олар Израиль азаматы ма, жоқ па деген сұрақ қойған. Еврей іздеген топтар полиция автомобильдерін де тексерген.
Оқиға орнынан жарияланған видеолар мен суреттерден биліктің бақылаудан айырылып қалғаны байқалады. Кешкі 9 шамасында наразылар ұшып-қону жолағына өтіп, ұшақтарды тексеруге тырысқан.
Мұнан өзге, Хасавюрт тұрғындары "Фламинго" және "Киев" қонақүйлеріне барып, "Израильден келген босқындарды" шығарып тастауды талап еткен, қонақүйге тас лақтырған. "Медиазона" хабарына қарағанда, полиция қонақүйлерді тексеріп шығуға келісуге мәжбүр болған.
Осыдан кейін "Фламинго" қонақүйінің есігіне "Еврейлерге кіруге қатаң тыйым салынады!" деп жазып кеткен.
"ЧП Дагестан" жазуынша, күндіз Хасавюрт тұрғындары қонақүй маңынан еврейге ұқсайтын, сақалды адам көрген. "Утро Дагестана" телеграм арнасы да Хасавюрттегі "Фламинго" қонақ үйі еврейлерге толы" деген анонимді ақпарат таратқан. Бұл арна Тель-Авивтен келетін рейстердің алдынан шығағу шақырған.
Дағыстан басшысы Сергей Меликов телеграм арнасына Таяу Шығыстағы жағдайды пайдаланып, әлдекімдер Дағыстандағы жағдайды ушықтырғысы келеді деп жазған.
28 қазанда Қарашай-Шеркес республикасының астанасы Черкескіде де Израиль тұрғындарын келтірмеуді талап еткен митингі болған. "База" арнасының жазуынша, үкімет үйінің алдына 500-гу жуық адам жиналған. Кейін олар республикадан еврейлерді түгел қуып шығуды талап еткен.
Бірнеше телеграм-арналардың жазуынша, Қабардин-Балқардың орталығы Нальчикте еврей мәдени орталығының құрылысына белгісіз адамдар өрт қойған.
- Палестинаның Газа секторын басқарып отырған ХАМАС тобы 7 қазанда Израильге шабуыл жасағаннан бері Солтүстік Кавказдың көптеген қалаларында Палестинаны қолдаған акциялар өтіп жатыр. ХАМАС тобы 1400-ден астам Израиль азаматын өлтіріп, арасында балалар да бар 200-ден астам адамды кепілге әкеткен. Израиль Газа секторындағы ХАМАС-қа жауап соққысын бергенде негізінен мұсылман елдерінің қатаң сынына ұшыраған.
- Шешенстан президенті Рамзан Қадыров Израильді қатаң айыптаған. Израиль әскерін "террористер мен фашистер" деп атап, Газа секторындағы әрекеттерін "мұсылмандарға жасалған геноцид" деп бағалаған.
- Дағыстан мүфтилігі Махачкаланың орталық мешітінде мыңдаған мұсылман Палестина үшін дұға жасағанын айтқан.
ПІКІРЛЕР