Accessibility links

Гуманитарлық көмек артқан 33 жүк көлігі жексенбіде Газа секторына өтті


Гуманитарлық көмек тиеген 33 жүк көлігі жексенбіде Газа секторына өтті. Олар ХАМАС радикал тобы басқаратын Палестина жеріне азық-түлік, су, дәрі-дәрмек апарды.

БҰҰ мәліметіне қарағанда, 21 қазаннан бері Газа секторының Египетпен шекарасындағы Рафах шекара пунктінен барлығы 117 жүк көлігі өткен. БҰҰ мұны өте аз деп санайды.

7 қазанда ХАМАС Израильге шабуыл жасаған соң Израиль билігі Газа секторына блокада қойып, электр қуатын, азық-түлік пен су жеткізуге тыйым салған. Бұл оқиғаға дейін Газаға гуманитарлық көмек пен коммерциялық жүк тиеген 500-ге жуық жүк көлігі күн сайын кірген.

28 қазан, сенбі күні байланыстың нашарлығына байланысты аймаққа бірде-бір конвой келмеген. БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігі жүк көліктерінің жүрісін үйлестіретін екі тараппен байланыса алмаған.

Газада жұмыс істеп жатқан халықаралық ұйымдар ондағы жағдайды гуманитарлық дағдарыс, апат деп сипаттайды. Электр қуаты жоқ, адамға алғашқы кезекте керекті су, дәрі-дәрмек, жанармай тапшы. Жексенбіде БҰҰ жеткізген көмек қоймасына бірнеше мың адам лап қойған.

Халықаралық қылмыстық істер сотының прокуроры Кәрім Хан Рафах шекара пунктіне барған соң бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетуге кедергі жасау қылмыс болып саналатынын мәлімдеп, Израильді тосқауыл қоймауға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG