Accessibility links

"Куәгерге қысым көрсетілген": Бұрынғы мәжіліс депутаты Әлтаевтың соты жабық өтеді


Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев (ортада) саяси ұйымды тіркеу талабымен өткен митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 1 қараша, 2021 жыл
Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев (ортада) саяси ұйымды тіркеу талабымен өткен митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 1 қараша, 2021 жыл

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы мәжіліс депутаты, тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевтың ісі бойынша процесті жабық өткізуді сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырды. Астана сотының баспасөз қызметі осылай деп хабарлады.

Сот әлгіндей шешімін осы іс бойынша "куә мен оның отбасының өмірі мен денсаулығына белгісіз адамдардан қауіп төніп тұр" деп түсіндірді. Әлтаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 31 қазанда аяқталды.

30 қазанда Астана соты тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаевтың сотын да "белгісіз" куәлердің сұрауымен жабық өткізуді ұйғарған.

Нұржан Әлтаев 7 маусымнан бері қамауда отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы депутатты "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде (135 мың доллар) пара алған деген күдікпен ұстағанын хабарлаған. Тергеудің болжамынша, "заңға қайшы әрекет" 2018-2020 жылдары болған. Агенттік Әлтаев "Мырзахметовтің мүддесіне әрекет еткен", "мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал жасап, жалпы қолдау көрсеткен болуы мүмкін" деп болжап отыр.

"Атамекеннің" бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов мамырдың ортасында тұтқындалған. Ол "алаяқтық жасады", "кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген" деген күдікке ілінген.

Әлтаев өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр. Оның жақтастары істің саяси астары бар деп есептейді. Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Әлтаевты "саяси тұтқын" деп таныған.

Нұржан Әлтаев 2019-2020 жылдары биліктегі "Нұр Отан" партиясынан парламент мәжілісінің депутаты болған. Ол жаңа партия құратынын мәлімдемегеннен кейін депутат мандатынан айырылып, сол кездегі "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясынан шығарылған.

Саясаткер кейінгі кезде "Ел тірегі" партиясын құруға талпынып жүргенін, әділет министрлігі ұйымды тіркемей отырғанын айтып шағымданған. Ал әділет министрлігі ол айыптарды жоққа шығарған.

Әлтаев кейінгі парламент сайлауына түсіп, мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынған. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, бәсекелесінен жеңіліп қалған. Кейін сайлау әділетсіз өтті деп мәлімдеген "Халық парламенті" қозғалысының құрамына қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG