Accessibility links

Израиль Газадағы Жабалия лагеріне шабуыл жасағанын растады


Газа секторының солтүстігіндегі Жабалия босқындар лагерінде болған жарылыстан ондаған адам қаза тапқан. 31 қазан, 2023 жыл
Газа секторының солтүстігіндегі Жабалия босқындар лагерінде болған жарылыстан ондаған адам қаза тапқан. 31 қазан, 2023 жыл

Сейсенбі, 31 қазанда Газа секторының солтүстігіндегі Жабалия босқындар лагерінде болған жойқын жарылыстан көп адам қаза тапқан. Израиль әскері бұл аймаққа соққы жасағанын мойындап, "радикалды ХАМАС тобының жоғары дәрежелі командирі нысанаға алынды" деп мәлімдеді.

ХАМАС тобы бақылайтын Газа секторының денсаулық министрлігі жарылыстан ондаған бейбіт тұрғын (шамамен 50 деп айтылды) қаза тапқанын, 150-дей адам жараланғанын хабарлады. BBC агенттігінің жазуынша, Палестина жағы жарылысқа Израильдің әуе шабуылы себеп болды дейді.

Reuters агенттігі жариялаған суреттерде лагерьдегі ғимараттардың қатты бүлінгені, жұрттың үйінді астынан адамдарды іздеп жатқаны көрінеді.

AFP агенттігінің тілшісі де Жабалиядағы жарылыс болған жерге барды. Агенттік сол жақта түсірілген суреттерде үйінді астынан кемінде 47 адам табылғаны көрінеді деп хабарлады.

"Израильдің халқы көп аудандағы ХАМАС тобының жоғары дәрежелі командирін нысанаға алып, соққы жасауы ауыр салдарға әкеп соқты. Көптеген адам құрбан болды" деп жазды жарылысқа куә болған адамдар мен дәрігерлер сөзіне сілтеме жасаған CNN басылымы.

Израиль армиясының өкілі Даниэль Хагари израильдік жойғыш ұшақтар Газадағы Жабалия босқындар лагеріне шабуы жасағанын растады. Ол ХАМАС-тың "Орталық Жабалия" батальонының командирі өлтірілді деп хабарлады.

Хагари жойқын соққының "террористер мен олардың инфрақұрылымына қарсы бағытталғанын" айтты. Израиль армиясы өкілінің сөзінше, шабуылдан "көптеген террорист" өлтіріліп, "олардың жерасты инфрақұрылымы" қираған.

Израиль әскери басшылығы Газа секторының солтүстігіндегі бейбіт тұрғындарды оңтүстікке қоныс аударуға шақырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG