Accessibility links

Татарстан Жоғарғы соты Азаттық тілшісі Алсу Құрмашеваны қамауда қалдырды


Азаттық радиосының Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашева Ресей құрамындағы Татарстанның астанасы Қазан қаласындағы Совет аудандық сотында отыр. 20 қазан, 2023 жыл
Азаттық радиосының Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашева Ресей құрамындағы Татарстанның астанасы Қазан қаласындағы Совет аудандық сотында отыр. 20 қазан, 2023 жыл

Татарстан Жоғарғы соты Азаттық радиосының Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваны 5 желтоқсанға дейін қамауда қалдырды. Бұған дейін, 23 қазанда Қазан қаласының соты тергеу органының сұрағанын орындап, журналисті бір ай 17 күнге қамау туралы шешім шығарған.

Журналистің адвокаты соттан Құрмашеваға бостандығын шектемейтін бұлтартпау шарасын қолдануын сұрап өтініш қылған. Сейсенбі, 31 қазанда жабық өткен сот отырысына журналистерді кіргізбеді. "Idel.Реалии" сайтының дерегінше, Алсу Құрмашеваның өзі сотқа тергеу изоляторынан онлайн қатысқан.

Журналист 18 қазанда Ресей құрамындағы Татарстан астанасы Қазан қаласында ұсталған. Оған "шетел агенті" ретінде тіркелмеді деген айып тағылған. Бұл бапта айыппұл салу, қоғамдық жұмыс істеуді міндеттеу немесе 5 жыл түрме жазалары қарастырылған. Тергеу комитеті журналиске айыпты ресми түрде 26 қазанда тақты.

Ресей әділет министрлігі Алсу Құрмашеваны "шетел агенті" тізіміне қоспаған еді. Ал тергеу журналистің өзі келіп, әділет министрлігіне "шетел агенті" деп тіркеуді сұрау керек еді дейді.

Бұл – Ресейде осы бап бойынша журналиске қарсы қозғалған алғашқы қылмыстық іс. Құрмашева өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Алсу Құрмашева – АҚШ пен Ресей азаматы. Күйеуі және екі баласымен бірге Чехия астанасы Прага қаласында тұрып келген. Биыл 20 мамырда Ресейге отбасы жағдайына байланысты барған. Ал 2 маусымда Чехияға рейс күтіп отырғанда ұсталған. Әуежай қызметкерлері Құрмашеваның екі паспортын да алып қойған. Кейін журналиске АҚШ азаматы ретінде Ресей органдарына тіркелмеді деп айыппұл салған. Паспорты тәркіленген соң Құрмашева Ресейден шыға алмаған.

Құрмашева – Татарстан мен Башқұрстандағы аз ұлттардың мәселесін көтеріп жүрген тәжірибелі журналист. Ол Ресей билігінің татар тілі мен татар мәдениетіне қысымы, татар тілі мен мәдениетін қорғау үшін жасалған бастамалар туралы көп мақала жазған.

Америкалық билік өкілдері, Еуропа одағы, үкіметтік емес ұйымдар журналист Алсу Құрмашеваны қамауға алу туралы сот шешімін айыптады. "Журналистерді қорғау комитеті" Құрмашеваға "жалған айып" тағылғанын айтып, Ресей билігін оны дереу босатуға үндеді. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэтью Миллер баспасөз мәслихатында осы іске қатысты пікір білдіріп, Вашингтонға "елден тыс жерде жүрген АҚШ азаматарының қауіпсіздігінен маңызды басымдық жоқ" деді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті міндетін атқарушы Джеффри Гедмин "Алсу отбасына оралу үшін дереу босатуға шақырамыз" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG