Accessibility links

Францияның Астанадағы елшілігі алдында күзет күшейтілген


Франция елшілігі маңында тұраған полиция қызметкерлері мен көліктер. Астана, 1 қараша, 2023 жыл
Франция елшілігі маңында тұраған полиция қызметкерлері мен көліктер. Астана, 1 қараша, 2023 жыл

Францияның Астанадағы елшілігі алдында күзет күшейтілгені байқалады деп хабарлады сол жерде жүрген Азаттық тілшісі. Бүгін, 1 қарашада Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстан астанасына сапармен келген.

Макронның сапары қарсаңында Қазақстандағы тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының белсенділері наразылық акциясына шығатынын айтқан. Олар Франция президентінен тіркелмеген оппозициялық партияның лидері, белгілі марафоншы, жарты жылдан бері қамауда отырған Марат Жыланбаевқа араша түсуді сұрамақшы болған.

Қазір елшіліктің алдын полиция күзетіп тұр, маңайда әдетте полиция ұстаған адамдарды тиейтін алты арнайы көлік ("автозак") қойылған, қара түсті киім киген бірнеше адам айналаны бақылап тұр деп хабарлады Азаттық тілшісі. Ол елшіліктің маңайына барған бір адамға әуелі полиция өкілі жақындағанын, кейін оны қара киім киген екі адам қолтығынан ұстап, күштеп жетектеп әкеткенін көрген. Әзірге ол адамның кім екені белгісіз.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының белсендісі Айсұлу Нұрмұхамбетова Франция елшілігіне жақындағанда өзіне қара киім киген адамдар ілескенін айтты. Бірақ оған жақындамаған.

Елшілік маңында жүрген полиция өкілі ол жерде не болып жатқанын, полиция мен көліктері неге көп екенін сұраған Азаттық тілшісіне "ештеңе болған жоқ, барлық жерде күзет күшейтілген, автозак жоқ" деп жауап қатты.

30 қазанда Астана соты белсенділер Әсер Оңланбекқызы мен Жәнібек Жүнісовті 15 күнге қамауға алған. Құқық қорғаушылар екі белсенді "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деген айыппен жауапқа тартылғанын хабарлаған.

Белсенді Әсет Әбішев Азаттыққа "азаматтық белсенділер Франция президентімен Астанада кездескісі келетінін жариялаған соң билік оларға қысымды күшейткенін" айтады.

Франция президентінің сапары алдында International Partnership for Human Rights ұйымы Эммануэль Макронды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде адам құқықтары мәселесін көтеруге үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG