Accessibility links

Франция президенті Астанадағы университетке бармақ


Франция президенті Эммануэль Макрон
Франция президенті Эммануэль Макрон

Франция президенті Эммануэль Макрон Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетке барып, студенттер алдында сөз сөйлейді.

Макронның университетке баратынын Францияның Қазақстандағы елшілігі растады.

"1 қарашада Француз президенті Эммануэль Макрон Нәрікбаев университетінде студенттер алдында сөз сөйлейді және олармен пікірталас өткізеді" делінген 31 қазанда жарияланған жазбада. Мұндай ақпаратты Нәрікбаев университеті де жариялады.

Сәрсенбі күні университет студенттері Азаттыққа оқу орны ғимаратына кіреберісте әркімді жіті тексеріп өткізіп жатқанын, таңертең университеттің алдында ұзын-сонар кезек пайда болғанын хабарлады.

Азаттыққа студенттер жіберген видеода университет дәлізіндегі қабырғаға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың портретін іліп жатқаны көрінеді. Студенттер бір күн бұрын оқу орнына президенттің телерадиокешені келгенін айтты.

Франция президенті Эммануэль Макрон 1 қарашада Қазақстан астанасына сапармен келген. Сол күні Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Олар екі елдің "сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөз жүргізіп, халықаралық және аймақтың күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды" деп хабарлаған Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі.

Франция президентінің сапары алдында International Partnership for Human Rights ұйымы Эммануэль Макронды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде адам құқықтары мәселесін көтеруге үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG