Accessibility links

Оңтүстік Кореяның барлау қызметі: Пхеньян Ресейге бір миллионнан астам снаряд жөнелткен


Солтүстік Корея және Ресей тулары.
Солтүстік Корея және Ресей тулары.

Солтүстік Корея кейінгі үш айда Ресейге бір миллионан астам артиллериялық снаряд жөнелткен. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея барлау қызметінің мәліметіне сүйенген Оңтүстік Корея парламентінің депутаты Ю Сан Бом мәлімдеді. Оның алдында барлау қызметінің өкілдері парламент мүшелеріне арнап брифинг өткізген.

Депутаттың сөзінше, барлау қызметі Солтүстік Кореядан Ресейге снаряд жеткізу бойынша оннан астам жағдай тіркеген. Пхеньян Мәскеуге өзге техникамен қатар тасымалдау ұшақтары мен кемелерін де жіберген. Ақпаратқа қарағанда, ізінше снарядтар Украинаның Ресей басып алған аумақтарына тасымалданып, соғыста қолданылған.

Оңтүстік Корея барлау қызметі өкілдерінің айтуынша, бір миллион снаряд Украинада екі ай соғысуға жетеді.

Барлау қызметі өкілдерінің тұжырымдауынша, снарядтар үшін Ресей Пхеньянға спутникті ұшыратын технологияларды берген. Пхеньянның мамыр мен тамыздағы спутникті ұшыру талпыныстары сәтсіз аяқталған.

Депутаттың айтуынша, барлау қызметі сонымен бірге Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын палестиналық ХАМАС тобына көмек беру мүмкіндіктерін іздеп отыр деп санайды. Бұған дейін Израиль әскері ХАМАС содырлары Солтүстік Кореяның қаруларын пайдаланғанын растаған.

Сеул әзірге депутаттың мәлімдемесіне реакция білдірмеді. Бұған дейін Оңтүстік Корея мен одақтастары Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы "алмасуларға" алаңдаушылық білдірген. Пхеньян Ресейдің Украинадағы соғысына қолдау білдіріп, қару тасымалдағанын жоққа шығарған. Мұны Мәскеу де терістеген.

Қыркүйек айында Ким Чен Ын Ресейге барып, Ресей басшысы Владимир Путин және Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездескен. Жуырда Пхеньянға Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сапарлаған.

XS
SM
MD
LG