Accessibility links

Журналистерге шабуыл ісі: сот күдіктіні мәжбүрлі емдеуге жібергенін хабарлады


Алматы қалалық кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық арнайы сот Аркадий Клебановты психиатриялық стационарға емделуге жіберді. Ол «журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтірді» деген күдікпен ұсталған.

Екі сот-психиатрия сараптамасынан соң сот күдікті «өз әрекетінің қауіпті екенін түсінбеген, ол созылмалы психикалық ауруға ұшыраған» деген қорытынды жасаған. Бұл туралы сот 1 қарашада Facebook-тегі парағына жазды.

Сот жәбірленушілердің талаптарын ішінара орындады. Күдіктінің заңды өкілі оларға 14 млн теңге төлейді.

Былтыр күзден бастап Қазақстандағы БАҚ-тың бірнеше редакциясы және жекелеген журналистер шабуылға ұшыраған. Оларға қоқан-лоқы жасалды. Қыста журналист Динара Егеубаеваның автокөлігі өртелді. Оның ұлын тапаншамен қорқытты. Қаңтарда журналист Вадим Борейконың пәтерінің есігін монтаж көбігімен желімдеп тастады, ал ақпанда онымен бірге істейтін видеооператордың көлігі өртелді.

Наурыз айында полиция "журналистерге шабуыл ұйымдастырған" күдіктіні ұстағанын хабарлаған. Ақпарат құралдарының жазуынша, күдікті Аркадий Клебанов олигарх Александр Клебановтың жиен інісі және Сергей Маневичтің (2007 жылы экс-президенттің бұрынғы күйеу баласы, Австрия түрмесінде көз жұмған Рахат Әлиевпен бірге мемлекеттік төңкеріс жасау ісі бойынша айыпталушы болған) ұлы.

Тергеу нұсқасына қарағанда, Аркадий Клебанов журналистерге шабуыл жасау үшін хакерлер тобын жалдаған. Оған "журналистердің қызметіне кедергі келтіру" бабынан бөлек, "қоқан-лоқы", "Жеке өмірге қол сұғу", "Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру немесе жою", "Бұзақылық" баптары бойынша айып тағылған еді.

Қыркүйекте Алматы қалалық кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық арнайы соты істі жәбірленушілердің өтініші бойынша жабық қарай бастаған.

XS
SM
MD
LG