Бүгін, 2 қарашада Алматының әскери соты Қаңтар оқиғасына қатысты сотталып, шартты жаза алған 24 адамға қарсы ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің талап-арызын қарай бастады.
Талапкер жақ ҰҚК шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің өкілдері 2022 жылдың қаңтарында болған жаппай наразылық кезінде құны 147 миллион теңге болатын мүліктік шығынға батқанын айтып, соны Қаңтар оқиғасына қатысты сотталған 24 адамнан өндіріп беруді сұрайды.
– Иә, бұл шығынды осы адамдар ғана келтірмегенін түсінеміз. Дегенмен олардың барлығы жаппай тәртіпсіздікке қатысып, айыпты деп танылған. Азаматтық кодексте мүліктік я өзге де шығын айыпты адамнан өтеледі делінген. Бұл адамдар айыпты деп танылған, сондықтан шығынды өтеу туралы шағым түсірдік. Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы қаласы полиция департаментіне шағым түсіргенбіз. Бізді осы [24 адамның қылмыстық ісі] іс бойынша жәбірленуші деп таныды, сондықтан шағым түсірдік, - деді сотқа қатысқан шекара қызметінің өкілі Ільяс Мұратбекұлы.
Оның сөзінше, бұған дейін шығын көлемі 128 миллион деп көрсетілгенмен қазір оның көлемі 147,3 миллион теңгеге жеткен. Әр талапкерден алты миллион теңгеден сәл асатын сома өндірілмекші.
Сотқа түскен шағымда, наразылардың заңсыз әрекетінен шекара қызметіне тиесілі «Урал», «КамАз», «Daevoo Bus» сияқты жеті автокөлік өртенгенін, әскери құрал-жабдық пен қару-жарақ қолды болғаны жазылған.
Шағыммен бірге қолды болған заттардың құнын анықтаған сараптама да тіркелген. Онда мәселен, құны 250 мың теңгеден асатын жүзден аса бронежилет, 150 мың теңгеден асатын жүзден аса шлем, 30 мың теңгеге жуық жиырмадан аса аяқ-киім мен құны 50 мың теңгеге жуық әскери сырт киімдер көрсетілген. «Урал» көлігін 15 жарым миллион теңгеге бағалаған, «КамАЗ» көлігі екі миллион теңгеге жуық, сондай-ақ 125 мың теңгелік трамвматикалық тапаншалар да бар.
Бейсенбі күнгі сотқа талапкер, жауапты 24 адамның оны мен олардың адвокаттары қатысты. Судья Қанат Естай алдымен қатысушылардың арыздарын тыңдады. Оның бірін адвокаттар түсірді.
– Бұл шағым биыл мамырдағы Бостандық аудандық сотындағы қылмыстық істен кейін пайда болды. Ол істің тергеуі мен алты айға жалғасқан сот та мемлекеттік тілде өткен еді. Жауапкерлердің барлығы қазақ тілді. Сондықтан талапкерді арызды мемлекеттік емес ресми тілде (орыс тілінде) бергеніне біз таңғалып отырмыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті – мемлекеттік орган болғандықтан шағым мемлекеттік тілде түсіп, іс қазақ тілінде қаралуы керек деп білеміз. Өйткені, бұл іс бойынша бірнеше құжаттар тіркейміз, ал ол бұған дейінгі қылмыстық іс-материалдарынан алынатын болады, сондықтан да бұл істі мемлекеттік тілде өткізуді сұраймыз, - деді жауапкерлердің адвокатының бірі Жалғас Сапарханова.
Бұған қоса жауапкерлердің бірі Азат Уәлидің өкілі Ерлан Қалиев істі әскери емес азаматтық сот қарауы тиіс екенін айтты.
– Бұл азаматтық іс болғандықтан, істі қай сот жүргізуі керегін анықтап алған жөн. Бұл жауапкерлердің ішінде әскери адам жоқ, басым көпшілігі Алматының Алатау ауданында тұрады сондықтан істі Алатау аудандық сотына жіберуді сұраймын, - деді Ерлан Қалиев.
Алматы облысының шекара қызметінің өкілі Ільяс Мұратбекұлы шағымды қай тілде түсіру – өз еріктері екенін, оған құқығы барын айтты. Дегенмен, іс мемлекеттік тілде жүрсе да қарсы емесін жеткізді.
– Азаматтық іс жүргізу кодексінде «әскери бөлімшелер мен әскери құрылымдардың шағымын әскери сот қарайтыны» жазылған, сондықтан істі әскери сотта қаралауын сұраймын, - деді Ільяс Мұратбекұлы.
Материалдық шығында өтеу туралы азаматтық шағым түскендіктен, оны азаматтық сот қарауы тиіс екенін айтқан адвокаттар, талапкердің бұл уәжімен келіспеді.
Бүгінгі процеске прокурор келмеуіне байланысты судья аталған шағымдарға қатысты шешімді келесі сотта қарап, айтатынын жеткізді. Келесі отырыс 10 қарашаға қалды.
Аталған істе жәбірленушілер қатарында ҰҚК шекара қызметінен бөлек, «Анна» қару-жарақ дүкені, Алматының полиция департаменті, мемлекеттік күзет қызметі мен президент аппараты секілді бірнеше орган болған. Олардың барлығы негізгі сот отырысында материалдық шығындарын өндіру туралы талап арыз жазған, алайда сот, оны азаматтық сот қарауы тиіс деген. Адвокаттар енді «шекара қызметінің талабы орындалған, өзге жәбірленушілер де сотқа шағымданып, миллиондаған шығынды өтеуді көздемесіне кім кепіл» дейді.
Құқық қорғаушылар "Қаңтардағы қантөгістің шындығы толық ашылмады, бейбіт наразылардың өліміне кінәлілер толық жауапқа тартылған жоқ" деп есептейді. Билік Қаңтарды халықаралық дәрежеде тергеуді ұсынған құқық қорғаушылардың ұсынысын кері қайтарған.
ПІКІРЛЕР