Accessibility links

Қамаудағы белсенді Жыланбаев сотта аузын тігіп тастады


Белсенді Марат Жыланбаев сотта.
Белсенді Марат Жыланбаев сотта.

Белсенді, "Алға Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық ұйымының жетекшісі Марат Жыланбаев ашық сот талап етіп, аузын тігіп тастады.

2 қарашада 1612 Info телеграм-арнасы сот құжатына "қарсылық ретінде мен аузымды тігіп тастадым" деген жазуы бар қағаз ұстап тұрған Марат Жыланбаевтың суреті мен өте қысқа видеосын жариялаған. Ақпаратты адвокаты растағанмен өзі процесте отырғандықтан мән-жайды толық түсіндіре алмады.

Астана қаласының қылмыстық атқару жүйесі департаменті Марат Жыланбаевтың аузын тігіп тастағанын растады.

"1 қарашада сотталушы Марат Жыланбаев аузын жіппен тігіп, тамақтан бас тарту туралы арыз берген. Ол өз әрекетін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2 қарашаға белгіленген сот отырысынн жабық өткізу туралы шешімімен келіспейтіндігімен түсіндіреді. Оның мекеме әкімшілігінің қызметкерлеріне шағымы жоқ. Сол күні мекеме басшылығымен профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен кейін сотталушы Марат Жыланбаев тігісін алып тастады" деп жазылған ҚАЖД хабарламасында.

Департаменттің хабарлауынша, Марат Жыланбаевтың "жағдайы қанағаттарлық, денсаулығына шағым жоқ. "Ол қосымша тексерулерден және медициналық мамандардың кеңесінен бас тартты" деді департамент өкілдері.

Әзірге Азаттық Марат Жыланбаевтың жағдайы жөнінде адвокатынан біле алмады.

30 қазанда Астанада Марат Жыланбаевтың соты басталған еді. Алғашқы отырыста судья аты-жөндері аталмаған куәгерлердің өтінішін алға тартып, сотты жабық еткен еді. Қорғау тарабы сотқа сенімсіздік білдіргенмен өтініші кері қайтарылған.

Сол сотта Марат Жыланбаев сот процесін ашық жүргізуді сұраған.

— Сотты жабық өткізу - заңға, конституцияға қайшы. Ешқандай тәртіп бұзған жоқпын, мұны сотта дәлелдегім келеді. Егер жабық сот болатын болса, мені "қанша берсе" сонша уақытқа қамайды,- деді ол.

Қазір белсендінің соты ақпарат құралдарының қатысуынсыз жабық өтіп жатыр. Бұған дейін құқық қорғаушылар мен белсенділер "саясиланған іс бойынша" соттың жабық өтуін сынаған.

Кейінгі кезде билікті қатаң сынап, бейбіт акцияларға қатысып келген 60 жастағы белсенді Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілініп, мамыр айында қамалған. Соңғы рет оның қамау мерзімі 20 қазанға дейін ұзартылған. Танымал марафоншы, азаматтық белсенді Марат Жыланбаев тағылған айыптарды жоққа шығарған. Құқық қорғаушылар қауымдастығы оның ісінің саясиланғанын айтып, оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Марат Жыланбаев биыл кезектен тыс парламент сайлауына депутаттықтан үміткер ретінде тіркелген. Билік "ерте үгіт-насихат жасады" деп айыптап, кандидаттар қатарынан алып тастады.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында Жыланбаев Қаңтар оқиғасын тергеуді, қантөгістен зардап шеккендерге өтемақы төлеуді, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қатысты тергеу жүргізуге шақырған.

Билік ол тіркемек болған оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясының тіркеу туралы өтінішін талай кері қайтарды.

Әлемнің 39 елінде демократия белсенділері мен құқық қорғаушылар, адвокаттар мен журналистерді біріктіретін World Liberty Congress үкіметтік емес ұйымы жуырда "Марат Жыланбаев жөн-жосықсыз ұсталды" деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG