Accessibility links

Костенко шахтасының құтқарушылары қысым көргенін айтты


Костенко шахтасындағы жарылыстан кейін апатты тоқтатуға қатысқан тау-кен саласындағы құтқарушылар кәсіпорын басшылығынан қысым көріп жатқанын айтып тұр. Видеодан скриншот
Костенко шахтасындағы жарылыстан кейін апатты тоқтатуға қатысқан тау-кен саласындағы құтқарушылар кәсіпорын басшылығынан қысым көріп жатқанын айтып тұр. Видеодан скриншот

Қарағандыда Костенко шахтасындағы жарылыстан кейін апатты тоқтатуға қатысқан тау-кен саласындағы құтқарушылар мекеме басшылығынан қысым көріп жатқанын айтты. Олар 2 қараша кешке ақпарат құралдарына қызметтегі мәселелері мен шахтада көргенін айтқан кейбір құтқарушылар жұмыстан шеттетілді деп хабарлады. Тау-кен құтқарушылары ұжымының бір бөлігі билік пен жұртқа әріптестеріне қысым көрсетіп жатқанын растап, видеоүндеу жариялаған.

Қысым жасалып жатқанын төрт тау-кен құтқарушысы мен олардың кәсіподақ төрағасы айтқан.

– Біздің кәсіподақтағы адамдарды сұхбат бергені үшін қазір апатты тоқтату жұмысынан шеттетті. Қысым көрсетіп жатыр, – деді Қарағанды облысы тау-кен құтқарушылары кәсіподағының төрағасы Алексей Головчиц.

Жұмыстан шеттетілген тау-кен құтқарушыларының сөзінше, басшылық олардан БАҚ-та жарияланған сөзі үшін түсініктеме жазуды талап еткен. Құтқарушыларға барған кәсіподақ төрағасы қаладағы тау-кен құтқару қызметі филиалының аумағына өзін кіргізбей қойғанын хабарлады. Айтуынша, оқиға орнына полиция барған. Кейін олар Алексей Головчицтен Қарағандыдағы Михайлов полиция бөліміне баруды сұраған, полиция Головчицті түсініктеме жаздырып алған соң босатқан.

– Біздің жігіттер, әріптестеріміз шындықты айтты, бірақ оларды жұмыстан шеттетті. Онда бізді де шеттетіп, құтқарушы мәртебемізді алыңыздар. Біз шындық үшін күресіп жатырмыз. Олар кез келген жүрісімізге бірден түсініктеме жазуға мәжбүрлейді. Қазір апатты тоқтату жұмысы жүріп жатыр, бәріміз сонда болуымыз керек. Белгілі бір адамдарды жұмыстан шеттетсе, олардың міндеті басқалардың иығына түседі. Жұмысты бөліп алу керек, бізде адам онсыз да аз, жұмыс күші жетпейді, – деді тағы бір тау-кен құтқарушысы видеоүндеуде.

Полиция департаменті тау-кен құтқарушылары жұмыс істейтін мекемеге полиция қызметкері шақырылғанын айтты. Бірақ бұл жағдай жөнінде толық есеп беруден бас тартты.

2 қарашада кешке "Апат кезіндегі кәсіби әскерилендірілген құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" ресми телеграм-арнасы Костенко шахтасындағы апатты тоқтату жұмысы аяқталайын деп қалғанын хабарлады. Одан бөлек Қарағанды филиалының Шахтинск отряды қызметтен шеттетілгені айтылды. Кәсіпорын тау-кен құтқарушыларын жұмыстан шеттету себебін нақты айтпады.

Осы аптада таяуда жұмыстан шыққан тау-кен құтқарушылары мен тау-кен құтқарушылары кәсіподағының төрағасы Қарағандыда баспасөз мәслихатын өткізіп, жұмысындағы мәселелер жөнінде, жалақының аздығын, құрал-жабдықтар ескіргенін, мемлекеттік қаржыландыру қажет екенін айтқан.

Тау-кен құтқарушылары мәселелерін көпшілікке жариялаған соң олардың басшысы – "Апат кезіндегі кәсіби әскерилендірілген құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" серіктестігінің Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский видеоүндеу жариялады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеме жасаған қызметкерлерді сынап, "жекелеген жұмысшылар бұрынғы қызметкерлерімізбен бірге мұндай қиын уақытта орынсыз сұрақтар қою керек деп есептейді" деп мәлімдеді. Ол "апатты тоқтату жұмысын аяқтап, содан кейін ғана асықпай мәселені талқылап, оларды шешу жолын табу керек" дейді.

"Шахтерлер отбасы" қоғамдық бірлестігі БАҚ-қа шыққан тау-кен құтқарушылары заңсыз әрекет жасаған жоқ деп есептейді. Азаттыққа берген жауабында құқық қорғаушы және қоғамдық бірлестік мүшесі Наталья Томилова "тау-кен құтқарушыларының үнін өшіруге ешқандай заңды негіз жоқ" деп мәлімдеді.

28 қазанға қараған түні Костенко шахтасында жарылыс болып, өрт шыққан. Шахтадағы жұмысшылардың басым бөлігі — жер астында 252 адам болған — сыртқа шығып үлгерген. Апаттан 46 адам қаза тапты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG