Қазақстан энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Алматыдағы №2 жылу электр станциясын (ЖЭС-2) газбен істеуге көшіру жұмысы 2024 жылы басталады деп хабарлады.
"2026 жылдың аяғына дейін бітіру жоспарланып отыр" деді министрлік. Бұл жұмысты атқаратын мердігер анықталған.
Министрлік ЖЭС-2-дегі №3 қазандық пен №1, 2 турбиналар күрделі жөндеуден өткенін, ал №5 қазандықты жөндеу аяқталуға жақын қалғанын хабарлады. "Алматы электр станциялары" кәсіпорнында жөндеу жұмыстары қарашаның аяғында бітуі тиіс.
"Барлық ЖЭС-те қажетті көмір қоры бар. Күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық паспорты алынды" деп хабарлады министрлік.
Бұған дейін Алматы ЖЭС-2 кәсіпорнын көмірден газға көшіру Қытай консорциумына тапсырылғаны белгілі болған еді. Тендер нәтижесі бойынша, жобалау, жабдықты жеткізу, құрылыс-монтаждау, іске қосу-жөндеу және эксплуатация жұмыстарын қытайлық үш компания атқарады деп хабарлаған.
Жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкі мен Қазақстанның Даму банкі қаржыландырмақ. "Самұрық Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры кепілгер болып белгіленді.
Қоғам өкілдері Алматыдағы ауаны ластап отырған негізгі кәсіпорын деп атайтын ЖЭС-2-ні көмір отыннан газға ауыстыру мәселесі үкіметте айтылып жүргеніне 15 жылдан асты.
ЖЭО-2 "Алматы электр станциялары" компаниясының құрамында жұмыс істейді. Бұл компанияның акциялары түгелдей "Самұрық-Қазына" қорына қарасты "Самрұқ-Энерго" акционерлік қоғамына тиесілі.
ПІКІРЛЕР