Accessibility links

Сарыағашта "Қазақстанда заңсыз жүр" деп айыпталған жүздеген шетелдік сот шешімін күткеніне наразы


Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты алдындағы шетелдіктер. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы. 3 қараша 2023 жыл.
Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты алдындағы шетелдіктер. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы. 3 қараша 2023 жыл.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік соты ғимараты алдында "Қазақстанға заңсыз кірді" деп айыпталған төрт жүзге жуық шетелдік өзіне қатысты сот отырысын бірнеше күннен бері күтіп жүргеніне наразылық білдіріп жиналды. Олардың кейбірі ас-суға, пәтер жалдауға ақшасы қалмағанын айтады.

Аты-жөнін айтудан бас тартқан өзбекстандықтың сөзінше, бір аптадан бері соттағы кезегін күтіп отырған адамдардың ішерге асы, пәтер жалдауға ақшасы қалмаған.

"Бізді шекара бекетінен әскерилер сотқа алып келді. Сот істі қарап үлгермей жатыр. Кезек күтіп отырғаныма бір аптаға таяды. Ақшасы біткендер депортация жасауды сұрап отыр" дейді ол.

Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Берік Каиповтың Азаттыққа айтуынша, сот кейінгі 20 күннің ішінде 5 мыңға жуық шетелдіктің ісін қараған, тағы мыңға жуық іс сотқа түскен. Күніне шамамен 150 іс тіркеліп жатыр. Олардың дені – Өзбекстаннан Қазақстанға жұмыс істеуге келіп, тіркеуге тұрмағандар.

- Шекара қызметі олардың үстінен Әкімшілік кодекстің "Шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзу" бабымен (517-бап) айыптаған. Оларға сот 86 мың теңге айыппұл салады немесе депортация жасау туралы шешім шығарды, - дейді сот төрағасы.

Ресми мәліметке қарағанда, Сарыағаш аудандық мамандандырылған әкімшілік соты жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 8 мыңнан аса шетелдіктің ісін қараған. Қазір күніне 200-300-ге жуық адамның ісі қарап жатыр. Істің көбейіп кеткеніне байланысты қосымша судья тартылған.

Ресейдің Украинаға басқыншылығынан соң Орталық Азиядағы еңбек мигранттарының Ресейге емес Қазақстанға келе бастағаны жайлы айтылған. Сарапшылар Ресейге салынған санкциялар, Ресейдің мигранттарды соғысқа тартуы бұл елге баратындардың санын азайтты дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG