Accessibility links

Швейцария Гүлнара Каримованың бұғатталған активтеріне қатысты шешім шығарады


Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримова.
Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримова.

Швейцария жақын күндері Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримовадан тәркіленген 840 миллион долларына қатысты шешім шығарады.

Financial Times басылымының жазуынша, он жылға созылған тергеу ісі бойынша Швейцарияның федералды прокуратурасы айыптау қорытындысын сотқа жіберді. Сот Гүлнара Каримоваға бұл байлықтың қайдан келгенін анықтауы тиіс.

Басылым мәліметінше, Zeromax кредиторы сот процесін бұрын бастаған. 2010 жылы Цуг қаласында құрылған Zeromax компаниясы 4,6 миллиард доллар қарызымен банкрот болып танылған. Осыған дейін бұл компанияның Өзбекстанның ірі инвесторы болғаны әрі мұны тікелей Каримовамен байланыстырып келгені айтылады.

Financial Times басылымы компания кредиторларының тізімі салмақты – онда бразилиялық футбол жұлдыздарынан "Қара орманның" шеберлеріне дейін бар дейді.

Кредиторлардың шағымында Швейцария үкіметі "жылдар бойы құқықтарын қамтамасыз етуге кедергі келтіріп", "ойын ойнап жатқаны" айтылған.

Олардың сөзінше, ресми Берн бұл қаражатты түрлі дипломатиялық шарттармен өзбек үкіметіне бергісі келеді.

"Біздің клиенттеріміз 2017 жылдан бері Швейцария мен Өзбекстан үкіметі арасындағы өзара сөз байласып отырғанына шағым айтады", - деген Financial Times басылымына берген сұқбатында кредиторлардың құқығын қорғаушы Томас Рим.

Швейцария үкіметінің мәліметінше, Гүлнара Каримова мен Zeromax компаниясы арасында ешқандай байланыс жоқ. 2018 жылдағы сот шешіміне сәйкес, Zeromax-ты Каримова басқармаған және бұл компания ешқандай табыс әкелмеген. Егер осы сот үкімі күшінде қалатын болса, онда Каримованың ақшасы Өзбекстан үкіметіне берілетін болады.

Айыптау қорытындысына Каримова Ташкент нарығына кіргісі келген шетелдік компаниялардан 850 миллион доллар көлемінде пара алған.

2010 жылы жария болған дипломатиялық хаттарда америкалық дипломаттар Гүлнара Каримованы "Өзбекстандағы ең жексұрын адам" ретінде сипаттаған. Оны пайда әкелетін бизнес өкілдерін қорқытып өз үлесін алып отырған "қарақшы-барон" ретінде сипаттаған.

Каримова өзіне қатысты айыптардың бәрін теріске шығарып келеді. Ол қазір Өзбекстан түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG