Accessibility links

АҚШ Украинаға тағы 425 млн доллар көлемінде көмек беретінін мәлімдеді


Пентагон ғимараты.
Пентагон ғимараты.

АҚШ Украинаға 425 млн доллар көлемінде жаңа көмек пакетін бөледі. Бұл жөнінде АҚШ қорғаныс министрлігінің хабарламасында жазылған.

Киевке ведомствоның қорынан құны 125 млн доллар болатын қару жіберу үшін Пентагон президенттің қару тәркілеу өкілетін пайдаланбақ. Осы пакет аясында Украинаның әуе қорғанысын нығайту үшін Украина қауіпсіздігіне үлес қосу бастамасынан (USAI) 300 млн доллар көлемінде қаражат қарастырылған.

Көмек пакеті аясында Украинаға NASAMS және HIMARS-қа арналған снарядтар, калибрі 155 және 105 миллиметр болатын артиллериялық снарядтар, ауыр жабдықтар таситын 12 жүк көлігі және өзге де қару-жарақ беріледі.

"Украина Ресей басқыншылығынан қорғана алуы үшін оны қосымша қаржыландыру арқылы АҚШ Конгресті Украина халқы алдындағы міндеттемесін қолдауға шақырып келеді. Украинаға қауіпсіздігін нығайтуға көмектесу – бұл АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне салынған инвестиция. Бұл аймақтағы үлкен қақтығыстың алдын алуға және басқа жерлерде ықтимал агрессияның алдын алуға көмектеседі, сонымен бірге қорғаныс-өнеркәсіптік базамызды нығайтады және америкалықтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашады" деді Пентагон.

2 қарашада АҚШ конгресінің өкілдер палатасы Израильге 14,3 млрд доллар көлемінде көмек беру жоспарын қабылдаған. Құжатта Украина айтылмаған. Бұған дейін сенаттағы демократтар аталған жобаның болашағы жоғын, Ақ үй оған вето қоятынын айтып ескерткен.

Оның алдында Байден Конгрестен Израиль, Тайвань мен Украинаны қаржыландыруды қарастыратын 106 млрд доллар көлемінде ірі пакет бекітуді сұраған.

Бейсенбі күні өкілдер палатасы қабылдаған Израильге көмек беру туралы заң жобасы сенатта кедергіге ұшырайды деген болжам бар. Сенаттағы демократтар Израиль, Украина мен Тайваньға көмекті бір пакетте қарастыруды талап етіп отыр.

XS
SM
MD
LG