Accessibility links

15 тәулікке қамалған "ҚазМұнайГаздың" бұрынғы менеджері изолятордан үндеу жасады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстандық кәсіпкер Марат Момынбаев 1 қарашада Астана сотының шешімімен 15 тәулікке қамалды. Оған "Ұсақ бұзақылық жасады" деген айып тағылды.

Соттың мәліметінше, Марат Момынбаев 1 қарашада таңғы сағат 6 шамасында Астананың Сығанақ көшесіндегі Sheraton қонақүйінде ұсталған. Сот қаулысына сүйенсек, Момынбаев "мас күйде қонақүйдің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімен жанжалдасып, қоғамдық орында былапыт сөз айтқан".

Сот кезінде ер адам былапыт сөзді ешкімге бағыттамағанын айтты. Ол қамау туралы сот шешімімен келіспей, апелляцияға берген. 3 қарашада Астана қаласының апелляциялық алқасы сөз қаулысын өзгертпеді.

Ақпаратқа қарағанда, 1 қарашада қонақүйде жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен шара жоспарланған.

"434-бап бойынша оған айыппұл немесе 5 тәулік беруге болатын еді. Заңды өрескел бұзған адам сияқты 15 тәулік берді. Ол қонақүйге кірген кезде оны бөлмесіне кіргізбей қойған" деді аты-жөнін атамаған дереккөз Азаттыққа.

Азаттық тілшісі Момынбаевтың президентке жазған үндеуімен де танысып шықты. Қолмен жазылған үндеуде ол кінәсіз екенін айтып, өзін дереу босатуға көмектесуін сұраған.

Кәсіпкер Марат Момынбаевтың президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хаты.
Кәсіпкер Марат Момынбаевтың президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хаты.

- Мен Швейцария, Германия және Италиядан инвестиция тарту бизнесімен айналысамын. Бастапқыда Quantum Qazaqstan бағдарламасы бойынша келісімге қол қою жоспарланды. Бұл Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне орасан пайда әкелуші еді. Алайда мен оқшауланғандықтан аталған бағдарлама тоқтап қалуы мүмкін, – деп жазды кәсіпкер.

Ашық дереккөздерде Quantum Qazaqstan бағдарламасы жөнінде ақпарат айтылмайды.

53 жастағы Марат Момынбаев бұрын "ҚазМұнайГаз" АҚ-ның корпоративтік даму жөніндегі атқарушы директоры қызметін атқарған. Ол Қазақстанның БҰҰ-дағы дипломатиялық өкілдігінде атташе болған, Vertex АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болған.

XS
SM
MD
LG