Accessibility links

Махмуд Аббас: Газа — Палестина мемлекетінің ажырамас бөлігі


АҚШ мемхатшысы Энтони Блинкен мен Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас Рамаллада. 5 қараша 2023 жыл.
АҚШ мемхатшысы Энтони Блинкен мен Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас Рамаллада. 5 қараша 2023 жыл.

Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас Рамаллада АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесуде Газа секторы, Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Шығыс Иерусалимді Палестина мемлекетінің ажырамас бөлігі деді. Бұл туралы палестиналық WAFA агенттігі хабарлады.

Аббас өзі 2004 жылдан бері басқарып келе жатқан Палестинаны азат ету ұйымы — Палестина халқының мүддесін қорғайтын жалғыз заңды өкіл екенін айтты.

Ол палестиналықтардың Газа секторы, Батыс жағалау мен Иерусалимнен басқа жерге қоныс аударуы мүмкін емес деді. Аббас Газа аумағындағы ұрыстар мен әскери операция кезіндегі халықтың қазасына жауапкершілікті Израиль билігінің мойнына артты.

7 қазанда ХАМАС радикал тобы Израильге шабуыл жасаған. Аббастың топ әрекетін қалай бағалағаны туралы айтылған жоқ.

Reuters агенттігі Аббас пен Блинкен кездесуі шамамен бір сағатқа созылғанын, олардың баспасөз алдына шықпағанын жазды. Агенттік Блинкен Газада қақтығыс болып жатқанда ХАМАС жойылған соң секторды кім басқаратыны жөнінде талқылауды бастауға тырысып жатқанын атап өтті. Израиль соғыс басталғалы әлемнің бірқатар елінде террористік ұйым деп танылған ХАМАС-ты жоямыз деп отыр.

АҚШ мемлекеттік департаменттің жоғары лауазымды өкілінің сөзінше, Блинкен Аббаспен кездесуде Палестина автономиясының әкімшілігі Газа секторының тағдырында шешуші рөл атқаруы керек деді. Мұны Reuters хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, сектордың болашағы келіссөздегі басты тақырып болмаған, бірақ Аббас әкімшілігі Газаны қалпына келтіруге дайын екенін көрсеткен.

Бұған дейін ақпарат құралдары Газа секторының болашағына қатысты бірнеше жол барын, соның ішінде БҰҰ қолдауымен және араб үкіметтері қатысуымен уақытша үкімет құру туралы хабарлаған.

Египет пен Иордания сыртқы істер министрлері сенбіде Блинкенмен кездесуден кейін Газаның болашағы жөнінде айту ерте деп, гуманитарлық дағдарысты шешу үшін ұрысты дереу тоқтатуға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG