Accessibility links

Израиль әскері Газа қаласын қоршауды аяқтадық дейді


Газадағы Израиль әскерилері. 5 қараша 2023 жыл.
Газадағы Израиль әскерилері. 5 қараша 2023 жыл.

Израиль әскері Газа секторындағы Газа қаласын қоршауды аяқтап, жағалау бойымен алға жылжығанын жариялады. Бұл жөнінде Израиль қорғаныс армиясының өкілі Даниэль Хагари мәлімдеді. Ол мұны Газа секторын бақылауда ұстап отырған палестиналық ХАМАС радикал тобына қарсы шабуылды күшейту кезіндегі "өте маңызды қадам" деп атады.

Хагаридің сөзінше, жексенбі, 5 қараша кешке қарай Газа секторын солтүстік және оңтүстік деп екі жаққа бөлу аяқталған. Израиль әскерінің өкілі Газа тұрғындарын тағы да қауіпсіз аймақтарға — Газаның оңтүстігіне көшуге шақырды.

Жексенбінің таңында Израиль бейбіт тұрғындарға сектордың солтүстігінен оңтүстігіне көшуі үшін бірнеше сағатқа дәліз ашқан.

The New York Times газетінің ақпаратынша, кейінгі аптада Израиль жария етпей бірқатар елмен мыңдаған палестиналықты Газадан Египетке – соғыс уақытында уақытша көшіру бойынша келіссөз жүргізуге тырысып жатыр.

The New York Times дереккөздері Израиль дипломаттары палестиналықтарды Газадан көшіру идеясын бірнеше мемлекетпен талқылап, оны гуманитарлық бастама ретінде ұсынғанын айтты. Газетке сұхбат бергендер көптеген ел — арасында АҚШ пен Ұлыбритания бар — ұсыныстан бас тартты деді. Олар босқындар Газаға қайта оралмайды, Египеттегі жағдай тұрақсызданады деп қорқады.

Қазан айында Каир палестиналық босқындарды қабылдаудан бас тартып, мұның себебін тәуелсіз Палестина мемлекетінің құрылуына кедергі болады деп түсіндірген. Қазір жалғыз ашық тұрған Рафах өткізу бекетінен Газадан Египетке тек шетел азаматтары мен қос азаматтығы бар палестиналықтар, жараланғандар өте алады.

7 қазанда ХАМАС пен "Исламдық жихад" топтары Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасаған. Израильде 1400 адам қаза тауып, ХАМАС радикалдары шамамен 250 адамды кепілге алған. Бұған жауап ретінде Израиль соғыс жағдайын жариялап, Газаға шабуыл жасады. ХАМАС бақылауындағы Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Израиль шабуылынан он мыңға жуық адам қаза болған, оның ішінде 4800 бала бар. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөздер жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG