Accessibility links

СІМ: Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы бар


Газа мен Египет шекарасындағы бекеттен өтіп жатқан адамдар. 1 қараша 2023 жыл.
Газа мен Египет шекарасындағы бекеттен өтіп жатқан адамдар. 1 қараша 2023 жыл.

6 қарашада Астанадағы брифингте сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы, олардың отбасы мүшелерін қосқанда жалпы 161 адам барын мәлімдеді.

Смадияровтың сөзінше, Қазақстанның Каирдегі елшілігі күн сайын Египет билігімен азаматтарды қақтығыс аймағынан шығару жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

СІМ өкілі Қазақстанның кейбір азаматтарының отбасы мүшесінің бірі эвакуация талаптарына сай келмеген соң шыға алмай отырғанын айтады. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірі Газа тұрғыны болса, немерелері я балалары Газа тұрғыны болса Египетке өте алмай жатыр.

Смадияров Египет шекарасына өткен қазақстандықтарды елге әкетуге Каирде арнайы рейс дайын тұрғаны айтады.

11 қазанға қараған түні Израильдің Тель-Авив қаласынан арнайы рейспен 124 қазақстандық Алматыға келді. Бортта жалпы 166 жолаушы (42 шетелдік азамат) болған. Кейін Қазақстан көлік министрі Марат Қарабаев Израильге қосымша рейс жіберу әзірге жоспарда жоғын мәлімдеген.

7 қазанда ХАМАС пен "Исламдық жихад" радикал топтары Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасады. 1400 адам қаза тауып, содырлар шамамен 250 адамды Газаға күштеп алып кеткен. Бұған жауап ретінде Израиль ХАМАС тобына соғыс жариялап, Газаға әуеден шабуыл жасады. Қазан айының соңында Израиль қорғаныс армиясы сектор аумағына кіріп, жермен шабуыл бастаған.

ХАМАС бақылауындағы Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Израиль шабуылынан он мыңға жуық адам қаза болған, оның ішінде 4800 бала бар. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөздер жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG