Accessibility links

Қазақстанның оңтүстігінде қазақ-орыс мектептері ашылмақ


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанның оңтүстігінде қазақ-орыс мектептері ашылуы мүмкін. Өз кезегінде Қазақстан да Ресейдің шекаралас аумағында сондай мектептердің ашылуына мүдделі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік "Известия" басылымына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Сұхбат мәтіні Ақорда сайында жарияланды.

Тоқаевтың айтуынша, қазіргі кезде Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқып жатыр. Президенттің пікірінше, бұл "Ресейдің жоғары оқу орындарына деген сұраныс пен жоғары білім әлеуетін айғақтайды".

Тоқаевтың айтуынша, қазақстандық студенттер Ресей жоғары оқу орындарын "аумақ жақындығы, тілдік кедергінің жоқтығы, қаржылық қолжетімділік, білікті оқытушылар құрамы, совет кезеңнен бергі көптеген жоғары оқу орындарының беделі мен атағына байланысты" таңдайды.

Сұхбатта Қазақстан мен Ресей үкіметі арасында жоғары оқу орындарының бөлімшелерін ашу жөнінде келісімге қол қойылғаны, соның нәтижесінде екі елде "тепе-теңдік негізде жоғары оқу орындарының бөлімшелері" ашылып жатқаны айтылған. Мысалы, 2024 жылы Дулати атындағы Тараз аймақтық университетінде ресейлік Менделеев атындағы химия-технология университетінің бөлімшесі ашылмақ.

Бұған қоса, Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның оңтүстігінде қазақ-орыс мектептерін ашу жөнінде келіссөз жүріп жатыр.

"Халқымыздың тарихи және мәдени ортақтығын ескере отырып, орта білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша да екі жақта қызығушылық бар. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде бірлескен қазақ-орыс білім беру ұйымдарын құру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр" деді Тоқаев.

Ол Қазақстан Ресейдің шекаралас аумақтарында да сондай мектептердің ашылуына мүдделі екенін айтты.

"Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық екіжақты қатынастың маңызды бөлігі болып қала береді. Біз үшін Ресейдің төл мәдениетімен таныса отырып, әлемді қазақ мәдениетімен таныстыру маңызды" деді Тоқаев.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда істеп тұрған 6900-дан астам мектептің 54 пайызы (3743 мектеп) – қазақ тілінде, 15,3 пайызы (1055) – орыс тілінде, 30,5 пайызы (2106) – аралас. Елде қазақша мектептердің жетпейтіні жиі айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG