Accessibility links

Қырғызстан медиақауымдастығы биліктен журналистердің жеке өміріне араласпауды талап етті


Қырғызстан медиақауымдастығы 7 қарашада ел билігіне үндеу жолдап, сөз еркіндігі мен қырғыз журналистері кезіккен қиыншылықтар туралы мәселе көтерді.

Мәлімдеме авторлары онда «еркін медиа, тәуелсіз журналистер, блогерлер биліктің, соның арнайы құрған фейктер мен тролльдер фабрикасының қысымына тап болғанын» жазған.

Бұған қоса, медиақауымдастық журналистердің жеке өміріне араласуды билік қысым көрсетудің бір әдісі ретінде пайдаланып жатқанын атап өтті.

"Қысым жасаудың ең ұсқынсыз әдістерінің бірі - жеке өмірге араласу. Қазіргі кезде заңнамаға қайшы жайттардың барлығы әлеуметтік желіде тарап жатыр: жеке бейнежазбалар, отбасылық әңгімелер, интимдік фотолар және заңмен қорғалатын басқа да құпия ақпараттар. Ал арнайы құрылған фейктер мен тролльдер фабрикасы өшпенділік пен қаралау стилін пайдаланып, бұл аудио, бейне және фотосуреттерді кеңінен таратып жатыр. Мұндай жағдайларға мысал ретінде жақында Kloop журналисі мен Temirov Live ресурсының қызметкерімен болған оқиғаларды келтіруге болады. Конституция әрбір адамның құпиялылығы мен жеке өміріне қол сұғылмау құқығына кепілдік береді. Мемлекет азғантай заң бұзушылықтар үшін БАҚ-қа тосқауыл қояды және өзгеше ойлайтын азаматтарды дереу анықтайды, бірақ журналистер мен блогерлердің жеке өміріне қатысты ақпаратты таратпауға солайша күш салмайды" деп жазылған үндеуде.

Қырғыз журналистері Жогорку кеңеш талқылап жатқан «БАҚ туралы» және «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобаларына алаңдайды. Медиақауымдастық мұндай заңдар қабылданған жағдайда, тәуелсіз медиа мен азаматтық қоғам институттары толық жойылады, сөз еркіндігі шектеледі деп қауіптенеді.

Биыл шілде айында Еуропарламент Қырғызстанда БАҚ пен сөз еркіндігіне жасалып жатқан қысымды сынайтын қарар қабылдаған. Құжатта Қырғызстанда адам құқығы мен сөз еркіндігінің жағдайы күрт нашарлап кеткені айтылған. Халықаралық Freedom House (FH) ұйымы Қырғызстанды «еркін емес елдер» қатарына қосқан. «Шекарасыз тілшілер» индексінде Қырғызстан 50 саты төмендеген.

Алайда жергілікті билік адам құқықтары мен сөз еркіндігін қорғау Қырғызстанның басты мақсаттарының бірі деп мәлімдеп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG