Accessibility links

Ресей ІІМ Путинді тұтқындауға ордер берген судьяға іздеу жариялады


Халықаралық қылмыстық соттың судьясы Серхио Годинес.
Халықаралық қылмыстық соттың судьясы Серхио Годинес.

Ресей ішкі істер министрлігі Владимир Путин мен Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы тұтқындауға ордер берген Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) судьясы Серхио Годинеске іздеу жариялады. Бұл жөнінде ТАСС агенттігі жазды.

Бұған дейін ведомство ХҚС-ның өзге екі судьясы Томоко Аканэ мен Розарио Сальваторе Айтал, сонымен бірге прокурор Карим Ахмад Ханға іздеу жариялаған. Оларға қарсы Ресейде "кінәсіз екендігін біле тұра, адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту" және "президентке шабуылдауға дайындалу" бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ХҚС-ның өкілдеріне қарсы іс 2023 жылы наурызда Халықаралық қылмыстық сот Путин мен Львова-Белованы "Украинадағы балаларды заңсыз тасымалдады" деп айыптап, тұтқындауға ордер бергеннен кейін қозғалған. Балаларды күштеп тасымалдау халықаралық құқықта әскери қылмыс саналады. ХҚС әскери қылмыс туралы тергеулерде мемлекеттердің иммуниттеттерін мойындамайды.

Қыркүйекте Ресей ішкі істер министрлігі ХҚС төрағасы Петр Хофманьский, оның орынбасары Лус дель Кармен Ибаньес Карранса және ХҚС судьясы Бертрам Шмитке іздеу жариялаған.

  • Ресей ХҚС юрисдикциясын мойындамайды және оның жұмысына араласпайды. Мәскеу соттың әрекетін анықтайтын Рим статутына қатыспайды.
XS
SM
MD
LG