Accessibility links

Теміртауда жұрт "депутатқа тіл тигізгені үшін" сотталған белсендіге айыппұлын төлеуге көмектесіп жатыр


Теміртау соты.
Теміртау соты.

Теміртау қаласында әлеуметтік мәселелерді қозғап жүрген белсенді Ольга Пекарскаяға 3 қарашада сот мәслихат депутаты Алексей Ломакинге "тіл тигізгені үшін" 276 мың теңге (590 доллар) көлемінде айыппұл салған.

Белсендінің сөзінше, сот үкімінің негізгі бөлігі оның қолына 8 қарашада тиген. Ольга Пекарская сот шешімімен келіспейді, алайда шағым түсірмейтінін де жеткізді.

—Үкімді даулаудан пайда жоқ деп ойлаймын, өйткені шешім сараптама негізінде қабылданды, сараптама тағы не көрсете алатынын білмеймін. Бұл сиқыршының қорабы сияқты: нені алып шығатының белгісіз. Қала тұрғындары мен кейбір кәсіпкерлер айыппұлды өтеу үшін ақша аударуды ұйғарған, сол үшін оларға алғыс айтамыз. Қазір 100 мың теңгеден сәл астам қаржы жиналды, – деді Ольга Пекарская.

Соттың хабарлауынша, белсенді WhatsApp мессенджеріндегі топтық чатта депутат туралы дауыстық хабарлама қалдырған. Соттың пікірінше, белсенді осылайша оның "ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған". Сотқа үш сөз түрткі болған.
Сотта белсенді депутатты қорлағанын жоққа шығарып, қаланы жылытуға қатысты депутаттың әрекетін сынағанын айтқан.
Депутат Алексей Ломакин Азаттыққа берген комментарийінде "үкімге шағым" түсірмейтінін айтты.

—Мұндағы мақсат ақша емес, қоғам белсенділерін диалогқа шақыру. Неге қорлайсың? Келіп сөйлесуге болады ғой. Міне, әлеуметтік желілерде менімен қандай да бір күрес жүріп жатыр. Жарайды, сынай берсін, бірақ неге жеке басқа тиісіп, қорлау керек? Олар мұны неге маған жеке хабарламамен жібермейді, неге қоғамға жібереді, деді депутат Алексей Ломакин Азаттыққа.
Психологиялық-филологиялық сараптама белсендінің үш сөзін балағат сөз деп таныған. Сот үкімі мен сарапшының қорытындысында Ломакиннің депутат екені көрсетілмеген, ол жеке айыптаушы деп аталады.

Белсенді мен депутат арасындағы кикілжің осы жазда кейбір тұрғындардың, атап айтқанда Пекарскаяның қаланы жылу және сумен қамтамасыз ету бойынша күрделі мәселелер туындап жатқан шақта Теміртауда жағалау ашу бойынша депутат ұсынған қымбат жобаны орынсыз деп санаудан кейін туындаған.
XS
SM
MD
LG