Accessibility links

Тоқаев Ресейді су ресурстарын үйлесімді пайдалануға шақырды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин өңіраралық ынтымақтастық форумында. Астана, 9 қараша 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин өңіраралық ынтымақтастық форумында. Астана, 9 қараша 2023 жыл.

9 қарашада Астанада Ресей президенті Владимир Путинмен бірге өңіраралық ынтымақтастық форумына онлайн қатысқан Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді су ресурстарын үйлесімді пайдалануға шақырды. Ол сөзінің басында аймақта алдағы уақытта су тапшылығы күшейе түсетінін алға тартып, "ауыл шаруашылығында судың көп мөлшерде пайдаланылуы жағдайды одан сайын күрделендіре түсті" деді.

Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанда 20 жаңа су қоймасын салып, кем дегенде 15 су қоймасын реконструкциялау, 3500 шақырымнан астам каналды жаңарту және цифрландыру жоспарланып отыр.

– Қазақстанда жаңа су кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат су ресурстарының тапшылығын азайтуға бағытталған. Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейіндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді. Бұл мәселені мүдделер теңгерімін сақтап, бірлесе әрекет ету арқылы шешу қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің Ресеймен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасымыз екі ел халықтарының мүддесі жолында су ресурстарын бірлесе тиімді пайдалануға қатысты теңгерімді тәсілдің кепілі болатынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Ресей өзге өзендермен қатар Каспийге құятын Жайық өзенін де бірге пайдаланады. Кейінгі кезде Каспий мен Жайықтың тартылуын мамандар Ресейден келетін су мөлшерінің азайғандығымен байланыстырған.

Путин Астанаға 9 қарашада таңертең келген. Ресми баспасөз Астана әуежайынан оны Тоқаевтың күтіп алғаны туралы видео жариялады. Түстен кейін Ақордада екі мемлекеттің кездесуі өткен.

Бұдан соң Тоқаев пен Путин өңіраралық ынтымақтастық бойынша 19-форумды ашты. Форумның өзі Қостанайда өтіп жатыр, екі ел басшысы оған онлайн қатысты. Бұл шарада ауыл шаруашылығының дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланатыны айтылған.

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын құрлық шекараларының бірі. Қазақстан Ресейдің ықпалы басым Еуразия экономика одағына мүше. Ресми дерек бойынша, Қазақстанның жалпы тауарайналымының бестен бір бөлігі Ресейге тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемі – 27 млрд доллар, оның айтарлықтай бөлігі (17,9 млрд доллар) импортқа тиесілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG