Accessibility links

Ақтөбеде түнгі клубтағы адам өліміне қатысты 16 күзетшінің ісі: Прокурор екеуіне 23 жыл түрме жазасын сұрады


Ақтөбедегі түнгі клубта "екі жігітті өлтірді" деп айыпталған 16 адамның сот тергеуі. 9 қараша 2023 жыл.
Ақтөбедегі түнгі клубта "екі жігітті өлтірді" деп айыпталған 16 адамның сот тергеуі. 9 қараша 2023 жыл.

Ақтөбедегі түнгі клубта «екі жігітті өлтірді» деп айыпталған 16 адамның сот тергеуі аяқталды. Қазір қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жарыссөз өтіп жатыр. Сот жарыссөзі кезінде мемлекеттік айыптаушы екі сотталушыны - 23 жылға, тағы екеуін - 19 жылға, тоғызын - 17 жылға, бір адамды - 12 жыл 6 айға, біреуін -10 жыл, тағы біреуін - 6 жылға соттауды сұраған.

Сотталушылардың туыстары айыптаушы тараппен келіспейді. Олар өз наразылықтарын сәрсенбі, 8 қараша күні Ақтөбе облыстық прокуратурасының жанына барып білдірген. Қолына «Әділдік талап етеміз», «Әділ сөздің зілі жоқ» деп жазылған плакат ұстап, прокуратура жанына жиналған елу шақты адамның бірі Айнұр Түкенова – айыптаушы тарап 17 жылға соттауды сұраған Райымбек Түкеновтің әпкесі.

- Екі жігітті пышақтап өлтіргендер өзіне тағылған айыпты мойындап отыр. Соған қарамастан бүкіл 16 балаға тергеу ауыр айып тағып, ұзақ мерзімге соттамақшы. Пышақты сотталушылар кезек-кезек сұққан жоқ қой. Онда неге бәрі бірдей кісі өлтірген болуы керек? Мысалы, менің інім Райымбек түнгі клубтағы төбелестің басы-қасында болмаған. Бірақ тергеу сапасыз жүргізілгендіктен қосақ арасында кетіп барады. Сондықтан әділ сотты талап етеміз, - дейді Айнұр Түкенова.

«Сот әділ өтіп жатқан жоқ» деп шулаған елу шақты адам прокуратура ғимаратына кезектесіп кіріп, прокурорлардың жауабына қанағаттанбай шықты. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Бақтығалиев сәрсенбі күнгі наразылық акциясын желіден көрген.

- Мұны сотқа қысым көрсетіліп жатыр деп қабылдауға да болады. Жақсы, мен олай есептемейін. Ол сіздердің жанайқайларыңыз, өз құқықтарыңыз. Бірақ абай болыңыздар. Айтатындарыңыз болса, осы жерде айтыңыздар. Менің шешімім ұнамаса, онда әрі қарай заңда белгіленген тәртібі бар. Сәл сабыр сақтайық, іс әлі біткен жоқ, - деді судья Бақтығалиев сот жарыссөзі кезінде.

Жүз томнан астам қылмыстық істің материалдарына қарағанда, бұрын сотталған Хангелді Мұханбетшәріп пен қылмыс әлемінде «Сары Жасик» деген атпен танымал Жансерік Есжанов 2022 жылғы ақпан айынан бастап «Миллиардер» түнгі клубының күзетін мойнына алған. Клуб ғимаратын жалға алушы кәсіпкермен ауызша келісім негізінде жұмыс істеген күзетшілер 2022 жылғы 26 қазаны күні түнгі клубқа келген төрт жігітпен сөзге келіп қалады. Оның соңы төбелеске ұласып, күзетшілер қансырап жатқан екі адамды Елек өзенінің жағалауына тастап кеткен. Жәбірленушілердің екеуі өзен жағалауына барар жолда көліктен қашып шығып, аман қалған.

Сотталушыларға тергеу «Кісі өлтірді», «Бұзақылық жасады», «Адам ұрлады» деген ауыр айыптар тағылып отыр. Бейсенбі күнгі сот жарыссөзінде сотталушы Жансерік Есжанов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, басына бостанық сұрады.

- Мен, Райымбек Түкенов пен Азамат Бақытов үшеуміз марқұмдарды не тірілей, не өлген соң көрген жоқпыз. Бір жылдан бері тергеушілердің былығының кесірінен қамауда отырмыз. Басында «қылмысты хабарламады» деп ұстаған еді. Егер мен төбелестің басы-қасында болмасам, кімге нені хабарлауым керек? Құрметті сот, прокуратура маған 19 жылдық жаза сұрап отыр. Бұл - өте ауыр жаза. Одан өлгенім артық. Тергеу кезінде заңсыздық көп болды. Маған жасамаған нәрсемді «мойныңа ал» деп қысым жасады. Сол себепті бар үмітіміз сізде. Әділ шешім шығарады деп үміттенеміз, - деді сот жарыссөзінде сотталушы Жансерік Есжанов.

Бүгін, 9 қарашада Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратын полиция күзетіп тұрды. Сот ғимаратының жанына автобус қойылған. Автобуста полицияның бірнеше қызметкері болды. Бұл сотталушылардың туыстарының 8 қарашадағы наразылығынан соң жасалған сақтық шарасы болса керек.

Он алты адам жауапқа тартылған қылмыс 2022 жылғы 26 қазан күні Ақтөбедегі «Миллиардер» деп аталатын түнгі клубта болған. Ақтөбе қаласында армрестлингтен өтетін жарысқа Темір ауданынан келген төрт жігіт түнгі клубқа барып, күзетшілермен сөзге келіп қалады. Оның соңы төбелеске ұласып, 27 және 31 жастағы екі жігіт қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG